Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы қызметінен босатылды
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды. Бұған инвестициялық жобалардың баяу жүзеге асырылуы және жаңа электр станцияларын салу мерзімдеріне бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Қайрат Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешімді «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасы қабылдаған.
«Бұл шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қарқынының баяу жүруіне, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын салу мен пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіз болуына байланысты қабылданды», делінген Үкімет хабарламасында.
Еске салайық, шілдеде Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына ірі энергетикалық нысандарды уақытында пайдалануға беру үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін ескерткен еді. Сол кезде Мақсұтовқа қатаң ескерту жасалған болатын.
Қайрат Мақсұтов кім?
Қайрат Мақсұтов Берікұлы 1970 жылы туған. 1991 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды кооперативтік институтын экономист-ревизор мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы Қарағанды облыстық тұтынушылар одағының есеп және бақылау басқармасында ревизор болып бастаған. Бұл қызметті 1992 жылғы желтоқсанға дейін атқарған.
1992 жылғы желтоқсаннан 1997 жылғы наурызға дейін «Игілік-Банк» Қарағанды филиалында инвестициялар және инновациялар бөлімінің жетекші маманы, халықаралық есеп айырысу және валюталық операциялар бөлімінің басшысы, филиал директорының орынбасары болған.
1997 жылдан 1999 жылға дейін Жәйрем-Атасу арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары және Қаражал қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
1999 жылдан 2004 жылға дейін «Альфа-Банк» Қарағанды филиалы директорының орынбасары, кейін директоры болған.
2004 жылдан 2009 жылға дейін «Гефест» тау-кен холдингінің экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған.
2009 жылғы ақпанда «Самұрық-Энерго» компаниясына келіп, 2012 жылғы ақпанға дейін басқарма төрағасының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары болған.
2012 жылғы ақпаннан қарашаға дейін басқарушы директор, кейін 2013 жылғы 8 қарашаға дейін корпоративтік басқару жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарған.
2013 жылғы қарашадан 2018 жылғы мамырға дейін «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасының орынбасары болған. Ал 2023 жылғы маусымда компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалған.
Соңғы жаңалықтар