Айбар Олжаев Тоқаевтың Жолдауындағы құрылыс бастамасының экономикаға әсерін түсіндірді
Қаржы және экономика сарапшысы Айбар Олжаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді. Ол 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау ұсынысының ел экономикасына қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Сарапшының айтуынша, алдағы жылы Қазақстандағы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне құрылыс саласы айналуы мүмкін.
«Бүгінгі Жолдауда Президенттің келесі жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы ерекше назар аударуға тұрарлық. Мемлекет әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кіріспек. Қазақстанға өсіп жатқан халықтың қажеттілігін өтейтін, бизнестің шығынын азайтатын және өңірлердің мүмкіндігін кеңейтетін инфрақұрылым керек», деді Айбар Олжаев.
Экономист ауқымды құрылыс жұмыстарының басқа салаларға да әсер ететінін айтты. Жаңа нысандар салынған сайын құрылыс материалдарына, тасымалдауға және жобалау қызметтеріне сұраныс артады.
«Құрылыстың экономикаға әсері бірден бірнеше бағытта тарайды. Жаңа нысанға тапсырыс берілсе, құрылыс материалдарын өндірушіге, тасымалдаушыға, жобалаушыға жұмыс табылады. Жұмысшылар жалақы алады, жергілікті кәсіпкерлердің тауары мен қызметіне сұраныс артады. Сондықтан өңірлердегі құрылыс сол жердегі шағын және орта бизнеске де табыс әкелуге тиіс», деді сарапшы.
Ол құрылыс саласының ел экономикасындағы үлесі артуы мүмкін екенін болжады.
«Демек, келесі жылы экономикалық өсімнің негізгі локомотиві рөлі құрылысқа өтетін сияқты. Оның ІЖӨ құрылымындағы үлесі артатыны анық. 35 жылдық тарихымызда мұндай стимулдық құбылыс кемінде төрт рет орын алған болатын», деді Олжаев.
Сарапшының пікірінше, ең бастысы құрылысқа жұмсалған қаржы емес, салынған нысандардың халыққа беретін пайдасы.
«Бірақ ең маңызды нәтиже нысан пайдалануға берілгеннен кейін көрінеді. Жол жүкті жеткізу уақытын қысқартады. Инженерлік желілер кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Оңалту орталығы баланың қажетті көмекті тұрғылықты жерінде алуына жағдай жасайды. Кітапхана мен ғылыми орталық жастардың білімге қолжетімділігін кеңейтеді. Осындай өзгерістердің жиынтығы халықтың тұрмыс сапасын көтереді», деді ол.
Айбар Олжаев Президенттің жасанды интеллект дәуірінде құрылысқа басымдық беру туралы сөзін де ерекше атап өтті.
Жолдау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Жақындап келе жатқан жасанды интеллект дәуіріне бүкілхалықтық жауабымыз құрылыс салу, тағы да құрылыс салу болмақ!» деген болатын.
Сарапшы бұл сөздің астарында елдің нақты қажеттіліктеріне қаржы салу міндеті жатқанын айтты.
«Мен мұны технологиялық өзгерістер дәуірінде елдің нақты қажеттіліктеріне инвестиция салу міндеті деп түсінемін. Жасанды интеллект қанша дамыса да, сапалы жолдың, сенімді электр желісінің, қолжетімді аурухананың қажеттілігі жоғалмайды. Оның үстіне цифрлық экономиканың өзі электр қуатына, байланысқа және білімді мамандарға сүйенеді», деді Айбар Олжаев.
Дегенмен экономист ауқымды құрылыстың белгілі бір тәуекелдері бар екенін ескертті. Оның пікірінше, құрылыс материалдары мен мамандар жетіспесе, жобалардың құны қымбаттауы мүмкін.
«Әрине, ауқымды құрылыстың қайтарымы қаржы көлемімен ғана анықталмайды. Материал мен маман тапшылығы туындаса, шығын өседі. Жергілікті өндіріс дайын болмаса, тапсырыстың елеулі бөлігі импортқа кетеді. Сондықтан құрылыс жоспарымен қатар отандық кәсіпорындардың қуатын және кадр даярлау мүмкіндігін есептеу қажет», деді сарапшы.
Ол жаңа бастаманың нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы бағалануға тиіс екенін жеткізді.
«Бұл бастаманың нәтижесін қарапайым өлшемдермен бағалайтын боламыз. Цикл біткеннен кейін қанша адамның жолы қысқарды, қанша бала оңалту қызметіне қол жеткізді, қанша кәсіпкерге жаңа мүмкіндік ашылды деген нәтижелерді санаймыз», деді Айбар Олжаев.
Еске салайық, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы 2027 жылды ауқымды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Елде жолдар, мектептер, ауруханалар, әуежайлар, спорт және мәдениет нысандарын салу мен жөндеу жоспарланып отыр.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірлердің инфрақұрылымы дамытылып, елді мекендерге газ бен таза ауыз су тартылады.
Президент ең төменгі жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарын да жариялады.
Бастапқы медициналық көмек көрсететін 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген.
Энергетика саласында 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты артық қорын қалыптастыру тапсырылды. Балқаш атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін.
Тоқаев мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы және бюджетті жоспарлау салаларына жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды.
Президент Үкіметке жаңа Салық кодексіндегі мәселелерді шешуді және кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтуді жүктеді. 2027 жылдан бастап шағын және микробизнеске жүргізілетін тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігі де қаралады.
Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау қажеттігін айтты. Ол ауқатты отбасыларға шамадан тыс төлем жасалуын сынға алып, әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарауды ұсынды.
Үкімет пен Құрылтайға табысы жоғары азаматтардың салық жүктемесін арттыру мүмкіндігін зерттеп, ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Президент Әкімшілігі 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік аппаратты реформалаудың кешенді жоспарын ұсынуы тиіс. Онда бюрократияны азайту және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қамтылады.
Жолдауда 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті қабылдау жоспары да айтылды. Президент қолданыстағы құжаттың ескіргенін және қазіргі экономиканың талаптарына сай келмейтінін жеткізді.
Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдар бір жыл ішінде Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеуі керек.
Жолдауының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша азаматты реформаларды жүзеге асыруға және әр адамға тең мүмкіндік берілетін әділетті қоғам құруға күш біріктіруге шақырды.
Соңғы жаңалықтар