Ақмола облысының тұрғыны «емшіге» сеніп, 9 млн теңгесінен айырылды

06.08.2026 12:22 Әсел МҰРАТ
 Ақмола облысының тұрғыны «емшіге» сеніп, 9 млн теңгесінен айырылды
194
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ақмола облысының тұрғыны өзін емші ретінде таныстырған алаяққа сеніп, 8 млн 825 мың теңгесін аударып жіберген, деп хабарлайды Politico.kz.

Қосшы қаласының полиция қызметкерлері азаматтарды интернет-алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен сақ болуға шақырды.

Тергеу мәліметінше, әйел Instagram әлеуметтік желісінде өзін емші ретінде таныстырған бейтаныс азаматпен танысқан. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы хат алмасу барысында күдікті оның сеніміне кіріп, алдымен түрлі дерттен айықтыруға көмектесетінін айтқан. Одан кейін «тиімді инвестиция» жасауды ұсынып, баспана алуға және несиелерін өтеуге жәрдемдесуге уәде берген.

Алаяқтың уәдесіне сенген жәбірленуші 2025 жылдың қазан айынан 2026 жылдың мамыр айына дейін оның есепшотына жалпы сомасы 8 млн 825 мың теңге аударған.

Белгілі болғандай, жәбірленуші күдіктімен бірде-бір рет жүзбе-жүз кездеспеген. Барлық байланыс тек WhatsApp мессенджері арқылы жүргізілген.

Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс тіркелді. Полицейлер бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта оның бқған қатысы бар-жоғы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өзін емші ретінде таныстырып, емдеп беремін, жоғары табыс әкелетін инвестиция ұсынамын немесе баспана, несие мәселесін ақшаға шешіп беремін деп уәде беретін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.

Құқық қорғау органдары күмәнді ұсыныстарға алданбауға, жеке және қаржылық мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ ақша аудармас бұрын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге кеңес береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий