Ақмолада әріптесін өлтіріп, орманға көмген 22 жастағы жігіт 10 жылға сотталды

Ақмолада әріптесін өлтіріп, орманға көмген 22 жастағы жігіт 10 жылға сотталды
07.10.2025 14:11
0
162
Фото: globalmoments/Getty Images

Ақмола облысында әріптесін өлтірген азамат 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ақмола соттарына сілтеме жасап.

Ақмола облысында әріптесін мерт қылған 22 жастағы жігітке қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилердің қатысуымен өткен отырыста сотталушы кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған. 22 жастағы У. есімді азамат жұмыстан кейін әріптесі К.-ны көлігімен үйіне апармақ болады. Алайда жолда екеуінің арасында жанжал туындап, олар қарым-қатынасты анықтау үшін гараждардың жанына тоқтаған. Сол жерде К. жерден пышақ тауып алып, онымен сес көрсеткен. Осы сәтте У. онымен алысып, мойнынан қылқындырған, содан кейін пышақты тартып алып, К.-ның мойнына бірнеше рет соққы жасаған.

Қылмысқа барғаннан кейін ол марқұмның денесін орманға апарып, топыраққа көміп тастаған. Сонымен қатар, қан ізін жасыру мақсатында көлігін жуу орнына апарып тазартқан. Арада бір апта өткен соң, ол өз еркімен полицияға барып, жасаған қылмысын мойындап, мәйіттің жасырылған жерін көрсеткен.

Сотталушының кінәсі оның өз еркімен берген мойындау жауабымен, оқиға орны мен денені тексеру нәтижелерімен, сараптама қорытындыларымен, телефонын тексерумен, көлік жуу орнындағы бейнебақылау жазбаларымен және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.

Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының өз еркімен келіп, кінәсін мойындауын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Үкім бойынша У. 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған марқұмның кәмелетке толмаған балаларына 7 миллион теңгеден моральдық зиян, маркұмның әкесіне 1,5 миллион теңге материалдық шығын мен өкілдік шығыстарды өтеу міндеттелді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий