Ақмолада мәслихат төрағасының үйіне шабуыл жасағандардың ісі қайта қаралады

Ақмолада мәслихат төрағасының үйіне шабуыл жасағандардың ісі қайта қаралады
Фото: gov.kz

Кассациялық сот Ақмола облысында Астраханка аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне шабуыл жасаған үш адамға қатысты сот үкімінің күшін жойды. Бас прокуратура олардың әрекетін тонау емес, қарақшылық деп саралау керек деп есептейді, деп хабарлайды Politico.kz.

Прокуратураның хабарлауынша, сотталғандар жәбірленушілерге күш қолданып, қарумен қорқытқан. Жәбірленушілер мұны өз өмірі мен денсаулығына төнген шынайы қауіп деп қабылдаған. Прокуратура қарудың атылғаны немесе жарамдылығы туралы мәліметтің болмауы қарақшылық белгілерін жоққа шығармайтынын алға тартты.

Кассациялық сот прокуратураның уәжімен келісіп, қылмыстық істі жаңадан қарауға жіберді.

Оқиға 2025 жылдың 15 шілдесіне қараған түні Астраханка ауылында болған. Сот анықтағандай, үш ер адам мәслихат төрағасының ақшасы мен бағалы мүлкі бар деп болжап, оның үйіне бетперде киіп кірген. Сол кезде үйде төрт ересек адам мен 3 жастағы бала болған.

Қаскүнемдер үйдегілерді қарумен қорқытып, ақша мен зергерлік бұйымдарды иемденген. Барлығын баламен бірге жертөлеге қамап, іздерін жойған соң ауладағы автокөлікті айдап кеткен. Кейін Астанаға, одан Таразға барып, ұрланған мүлікті өз қалауынша пайдаланған.

Бұған дейін сот үш адамның екеуін бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігін қоса есептеп, 8 жыл 6 айға, үшіншісін 5 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына ортақ тәртіппен 4,2 млн теңге материалдық шығын және екі жәбірленушінің әрқайсысына 2 млн теңгеден моральдық өтемақы өндірілген.

Сот Жамбыл және Түркістан облыстарының полиция департаменттеріне де жеке қаулы шығарған. Өйткені сотталғандардың екеуі бұған дейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Сот оларға тиісті бақылау жүргізбеген полиция қызметкерлеріне шара қолдануды тапсырған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу