“Ақша не үшін бердік?”: Степногорскіде ауланы жөндеу жұмыстарының сапасы наразылық тудырды

17.09.2026 20:07 Қарақат АСЫЛОВА
“Ақша не үшін бердік?”: Степногорскіде ауланы жөндеу жұмыстарының сапасы наразылық тудырды
271
Видеодан кадр

Ақмола облысының Степногорск қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан ауланың жағдайы тұрғындар мен мәслихат депутаттарының наразылығын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тұрғындар депутаттармен бірге жөндеу жұмыстарының барысын тексеру кезінде бірқатар кемшілікті анықтаған. Атап айтқанда, бейнекадрларда жиек тастың еш қиындықсыз қолмен қозғалғаны көрінеді. Тексеруге қатысушылардың бірі оның бекітілуіне қатысты:

«Цемент қайда? Жоқ», – деп атап өткен.

Асфальт төселетін негізге де қатысты сұрақтар туындады. Тексеру барысында кейбір учаскелерде жабынның топырақтың үстіне төселіп жатқаны айтылды.

Ал мердігер компания асфальттың астына құм-қиыршықтас қоспасы төселгенін мәлімдеген. Алайда депутаттар бұл түсіндірмемен келіспей, қажет болған жағдайда негіздің құрамы мен сапасын сараптама арқылы тексеретіндерін жеткізді.

Енді мердігер жұмысты аяқтап қана қоймай, оның жоба талаптары мен құрылыс нормаларына сәйкес орындалғанын дәлелдеуі тиіс.

Депутаттар жөндеу толық аяқталғаннан кейін нысанды қайта тексермек.

Войдите, чтобы оставить комментарий