«Ақшаның орнына бұқаны алып кет»: Жангелдиндегі отбасының малы қалай жоғалған

04.06.2026 12:47 Әсел МҰРАТ
«Ақшаның орнына бұқаны алып кет»: Жангелдиндегі отбасының малы қалай жоғалған
213
Фото: коллаж Politico.kz

Жангелдин ауылында бір отбасының қазасына қатысты өтіп жатқан сот отырысында куәгерлер үй иелері жоғалғаннан кейін олардың малына қалай қарағандарын және марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонынан хабарламалар алып тұрғандарын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Ақжайық» басылымының жазуынша, сотта жауап берген соңғы екі куәгер – қаза тапқан отбасының малын бағып-күткен адамдар.

Бірінші куәгердің айтуынша, ол Жангелдин ауылы тұрғындарының малын баққан. Қарабалиндер отбасының малы да оның қарауында болған. Өткен жылдың күзінде ол Максот Қарабаллиннің жайылымында жүрген сиырларды өз қорасына айдап әкелген. Марқұмдардың көршісі үй иелерінің үйде жоқ екенін айтып, малға көз қырын салуды өтінген.

Ол әр сиыр үшін 4 мың теңгеден ақы алып отырған.

Екінші куәгер отбасы кеткеннен кейін қорада қалған малды күту жұмысы ұсынылғанын айтты. Оның сөзінше, өзіне үй иелерінің Ташкентте ем қабылдап жүргені айтылып, сол себепті малға жем беріп, суару тапсырылған. Бұл жұмыс үшін күніне 3 мың теңгеден төлеуге келісілген.

Куәгердің айтуынша, ақша күн сайын емес, ара-тұра аударылып тұрған. Бұдан бөлек, қой баққаны үшін оған қосымша 10 мың теңге төленген.

Оның сөзінше, ақша аударымдары шамамен 23–25 қаңтарға дейін келіп тұрған.

Кейінірек Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірінен WhatsApp арқылы оған төлемнің орнына бұқалардың бірін алып кету туралы хабарлама келген.

«Қазір қолымда ақша жоқ. Төлемнің орнына бір бұқаны алып кете аласың ба?» — деп куәгер хабарламада жазылған мәтінді айтты.

Осыдан кейін ол шынымен де бір бұқаны алып кеткен.

Кейін марқұмдардың туыстары малдың тағдырын анықтауға кіріскен. Максот Қарабаллиннің әпкесі куәгерден не себепті мал сатыла бастағанын сұраған.

«Мен мал сатуға қатысқан жоқпын. Олар бәрін өздері келісіп қойған. Маған үй иелері Ташкентте жүр деп айтты. Жақында оралады деп ойлап, күтіп жүрдім», — деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ куәгер хабарламалардың өзінің телефонында Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірі ретінде сақталған байланыс нөмірінен келгенін айтты. Бұрын олар бірге намаз оқығандықтан, хат жазысқан адамның кім екеніне күмәнданбаған.

Судья қазіргі кезде телефон алаяқтығы кең таралғанын еске салып, мұндай хабарламалардың күдік туғызуы мүмкін екенін атап өтті.

Алайда куәгер соңғы екі жылда Наурызбен сөйлеспегенін әрі оны көрмегенін айтса да, дәл сонымен хат алмасып отырғанына сенімді болғанын жеткізді. Оның пайымдауынша, Наурыз бұған дейін өзі туралы Сұлтан Сәрсемәлиевке айтып кеткен болуы мүмкін.

Сот барысында марқұм Максот Қарабаллиннің әпкесі құжаттарға сәйкес ағасының иелігінде 11 бас ірі қара болғанын айтты. Алайда қазіргі уақытта олардың тек 10-ының ғана қайда кеткені белгілі, ал тағы бір сиырдың тағдыры әлі анықталмаған.

Бұған жауап ретінде куәгер өз қарауына мал тапсырылған кезде барлығы 10 бас болғанын айтты. Сонымен қатар ол бұған дейін сөз болған төрт емес, үш сиырды жайылымнан айдап әкелгенін нақтылады. Оның айтуынша, бұл сандар отбасы шаруашылығындағы малдың жалпы санымен байланысты емес.

Куәгерлерден жауап алу аяқталған соң сот іс материалдарын зерттеуге көшті.

Процесс қатысушыларына Жангелдин ауылындағы үйдің қорасынан табылған Максот Қарабаллин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның сүйектерін жер қойнынан шығару сәті түсірілген бейнежазбалар көрсетілді.

Судья мұндай кадрлардың психологиялық тұрғыдан ауыр әсер ететінін айтып, сүйек қалдықтары бейнеленген материалдарды түсіруге және жариялауға тыйым салды. Ал қазу жұмыстары басталғанға дейін түсірілген бейнежазбаны көрсетуге рұқсат берілді.

Бейнематериалдарды қарау кезінде марқұмның әпкелері көз жастарына ерік берді. Ал Сұлтан Сәрсемәлиев сол сәтте басын тік ұстап, экранға қадала қарап тұрған.

Войдите, чтобы оставить комментарий