АҚШ-та ұсталған Еламан Балтагерей кепілмен босатылды
АҚШ-та терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұсталып, депортациялануы тиіс болған қазақстандық Еламан Балтагерей кепілмен босатылды. Бұл ақпаратты бүгін Сенат кулуарында Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев растады, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта күдіктінің қорғаушы жалдауға толық құқығы бар. Оның туыстарымен тікелей байланыс орнатылған.
"Біз заңнамаға сәйкес белгіленген шеңберде көмек көрсетеміз. Әрине, тағы да айтамын, тергеу әрекеттеріне араласа алмаймыз. Мұндай айыптаулар бар, біз оны білеміз. Олар қазір кепілмен босатылды, бұл да белгілі бір дәрежеде, мүмкін, осындай үміт сыйлайды. Қалай болғанда да, адвокат жалдауға құқығы бар, туыстары байланыста. Бұл қателік және азаматтарымыз үйлеріне оралады деп үміттенейік", – деді министр.
Сөз арасында министр осыдан 15 жыл бұрын дәл осындай оқиға болғанын еске салды. Ол кезде де қазақстандықтар тағылған айыптан құтылып, елге аман-есен оралған екен.
Еске сала кетейік, 17 маусым күні АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (ICE) қазақстандық азаматтың ұсталғанын хабарлаған еді. Ресми мәліметте оған терроризмге қатысы бар деген айып тағылып, елден шығару туралы түпкілікті шешім шыққаны айтылған болатын.
Соңғы жаңалықтар