Ақталып шыққан ақтөбелік жылқышы баспаналы болды (ВИДЕО)
Ақтөбе облысында жұмыс берушінің шағымымен сотталып, кейін бостандыққа шыққан 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке жергілікті кәсіпкер пәтер сыйлады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай мәлімдеді. Журналистің мәліметінше, 33 жыл бойы мал шаруашылығымен айналысқан қарияның отбасына Азамат Үсімбеков есімді кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана алып берген. Ол пәтердің кілті мен құжаттарын табыстап, алдағы бір-екі айдың ішінде толық жөндеуден өткен үйде қоныстой жасап беретінін жеткізді. Жаңа баспанасын әйелімен бірге көріп, көз жасына ерік берген қария халықтың қолдауына ризашылығын білдірді.
«Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім», – деді Рахат Сәрсенов.
Қазіргі таңда қарияның ісіне қатысты заңгерлік жұмыстар басталып, қажетті арыздар дайындалған және құқықтық тұрғыдағы күрес одан әрі жалғасып жатыр.
Еске салайық, 60 жастағы Рахат Сәрсенов 1994 жылы қожалыққа жұмысқа орналасып, отыз жылдан астам уақыт ішінде 14 бас жылқыны 1700-ге дейін көбейткен. Оның сөзіне қарағанда, жұмыс барысында бас бармағынан айырылып, қабырғасы сынып, денсаулығына елеулі зиян келсе де қожайынына адал қызмет еткен.
Алайда жұмыс берушінің арызы негізінде жылқышыға жүз бас мал жымқырды деген айып тағылып, 2026 жылдың мамыр айында бірінші сатыдағы сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырған және 30 млн теңге көлемінде шығын өтеуге міндеттеген еді. Кейіннен айыпталушы тарап бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіргеннен соң істің мән-жайы қайта қаралды. Нәтижесінде бұған дейін инсульт алған қарияның 100 емес, тек бір ғана жылқының құны көлемінде шығын келтіргені анықталып, ол рақымшылыққа ілігуіне байланысты сот залынан бостандыққа шықты.
Соңғы жаңалықтар