Жүрегі тоқтап қалған: Жамбылда 11-сынып оқушысы ұрған бала комада жатыр

Жүрегі тоқтап қалған: Жамбылда 11-сынып оқушысы ұрған бала комада жатыр
Фото: Бейнеден кадр

Жамбыл облысында жоғары сынып оқушысынан соққы алған 14 жастағы бала екі тәуліктен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Оның миы мен өкпесі ісінген. Дәрігерлер баланың жағдайын өте ауыр деп бағалап, әзірге ешқандай болжам жасамай отыр, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.

Оқиға Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ауылдық клубтың жанында 9-сынып оқушысы мен 11-сынып оқушысының арасында жанжал шыққан. Куәгерлердің айтуынша, жоғары сынып оқушысы 14 жастағы баланың кеудесінен бірнеше рет ұрған.

Сенбі күні кешке жасөспірім аудандық ауруханаға жеткізілген. Куәгерлердің сөзінше, оны ауруханаға басқа балалар алып келген. Сол кезде оқушының жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жүрек жұмысын қайта қалпына келтіргенімен, бала әлі есін жиған жоқ.

Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов науқастың жағдайы тұрақсыз екенін айтты.

«Науқастың жағдайы әлі де өте ауыр, тұрақсыз. Ол дәрі-дәрмектің көмегімен жасанды комада жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір толық көлемде қарқынды ем жүргізіліп жатыр. Жағдайының ауырлығына байланысты оны әзірге қалаға тасымалдауға болмайды», – деді Нұрмахан Мәуленов.

Ауыл тұрғындары оқиғаның артында жоғары сынып оқушыларының кішілерге әлімжеттік көрсетуі жатуы мүмкін екенін айтып жатыр. Алайда полиция әзірге мұндай мәліметті растаған жоқ.

Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспановтың айтуынша, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысқандардың бәрі ұсталып, полицияға жеткізілді. Алдын ала анықталғандай, бұрыннан бірін-бірі танитын екі кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал болған. Сол кезде біреуі екіншісіне соққы жасаған», – деді Әсет Оспанов.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Байзақ ауданында да оқушылар арасындағы жанжал қайғылы аяқталған еді. Онда 15 жастағы оқушы қатарласынан алған соққыдан қайтыс болған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу