Ақтауда 804 млрд теңгеге Қазақстандағы тұңғыш карбамид зауыты бой көтереді

10.06.2026 10:18 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтауда 804 млрд теңгеге Қазақстандағы тұңғыш карбамид зауыты бой көтереді
94
Фото: kabar.kg

Ақтау қаласында құны 804,2 млрд теңге болатын Қазақстандағы тұңғыш карбамид өндіретін зауыт салынады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «KazAzot PRIME» серіктестігі арасында Маңғыстау облысында жаңа аммиак-карбамид кешенін салу туралы инвестициялық келісім бекітілді.

Алып кәсіпорын 2030 жылы толық пайдалануға берілмек. Құрылыс барысында 1,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылса, кешен іске қосылғаннан кейін 700 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа зауыт жыл сайын 660 мың тоннаға дейін аммиак пен 580 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын шығаруға қауқарлы болмақ.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығында аса қажетті саналатын карбамид тыңайтқышын толықтай көрші елдерден тасымалдап отыр. Жаңа өндіріс ошағы отандық шаруаларды өз өнімімізбен қамтамасыз етіп, шетелдік импортқа тәуелділікті жоюға әрі экспорттық әлеуетті нығайтуға жол ашады.

Қазіргі таңда елдегі азот тыңайтқыштарын шығаратын жалғыз кәсіпорын ретінде «ҚазАзот» акционерлік қоғамы жұмыс істеп тұр. Алайда алдағы уақытта Ақтаудағы кешеннен бөлек СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясы мен KazESTA және KMG PetroChem серіктестіктері бірлесіп жүзеге асыратын тағы екі карбамид өндіру жобасы жоспарланған.

Үкіметтің мәліметінше, 2030 жылға қарай барлық инвестициялық жобалар іске қосылған кезде аммиак өндірудің жалпы көлемі 2,3 млн тоннаға жетеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий