Ақтауда тегін гүлге таласқандар бір-бірін таптап кете жаздады

19.06.2026 11:10 Мөлдір ҚАЙНАР
Ақтауда тегін гүлге таласқандар бір-бірін таптап кете жаздады
176
Фото: видеодан скриншот

Ақтауда теңіз жағалауында рұқсатсыз ұйымдастырылған тегін гүл тарату акциясы көпшіліктің жаппай жиналуына себеп болып, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда тұрғындардың тегін гүл алу үшін бір-бірін итеріп, кезекке таласқаны көрінеді. Қатты кептеліс салдарынан кейбір адамдар ауа жетпей қиналған. Абырой болғанда, оқиға кезінде зардап шеккендер тіркелмеген.

Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, кәсіпкер жарнамалық акцияны жергілікті атқарушы органмен келіспей өткізген. Осыған байланысты оған 86 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Кәсіпкер өз кінәсін мойындап, тұрғындардан кешірім сұраған.

Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Заңғар Оразайдың айтуынша, мұндай акцияларды өткізуге бұған дейін де тыйым салынғаны ескертілген.

«Бұған дейін де Ақтаудағы кәсіпкерлерге тегін тарату акциялары болмайтыны ескертілді. Бұған қарамастан кәсіпкер тарапынан немқұрайлық таныту орын алу фактілері бар. Алдағы уақытта мұндай тегін тарату акцияларына жол бермейміз», – деді Заңғар Оразай.

Жергілікті билік алдағы уақытта адамдардың жаппай жиналуына әкелетін рұқсатсыз жарнамалық акцияларға жол берілмейтінін мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий