Ақтаудағы ұшақ апаты туралы деректі фильм эфирге шығады

2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтауда болған қайғылы әуе апатына арналған “J2-8243: Соңғы рейс” атты деректі фильм бүгін сағат 22:00-де Baku TV эфирінен көрсетіледі, деп хабарлайды POLITICO.KZ .
Бұл туынды сол күнгі оқиғаны бастан өткерген жандардың тағдырын, аман қалғандардың жан тебірентерлік естеліктерін және қаза тапқандардың өмір жолдарын баяндайды.
Baku.tv мәліметінше, фильм авторлары оқиға орнында болған құтқарушылар мен дәрігерлердің куәліктерін, сондай-ақ апаттан аман қалған жолаушылардың естеліктерін жинап, ерекше деректі дүние жасаған. Телеарна таратқан анонста бұл фильм – тек оқиғалар тізбегі емес, ол борттағы жандардың соңғы сәттеріне, олардың бастан кешкен ауыр сезімдеріне арналған естелік екені айтылған.
Әлеуметтік желілерде фильмнің премьерасы қызу талқылануда. Қайғылы оқиғаны қайта көруге жүрексінетіндер де бар, ал кейбірі керісінше, апаттың себептері мен нақты не болғанын тереңірек түсінгісі келетінін жазуда. Фильм рейстің соңғы минуттарын, апаттан кейінгі күйзелісті сәттерді, сондай-ақ тірі қалғандардың өртенген ұшақтан қалай аман шыққанын егжей-тегжейлі көрсетеді.
Еске сала кетейік, J2-8243 рейсі 25 желтоқсан күні Бакуден Ақтауға бағыт алған сәтте апатқа ұшырап, ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қайтыс болған еді. Бұл оқиға ел есінде мәңгілікке сақталатыны анық. Ал “J2-8243: Соңғы рейс” фильмі сол сәтті жүрекпен сезінуге мүмкіндік беретін маңызды деректі дүние болмақ.
Соңғы жаңалықтар





