Тікелей эфирде балағат сөз айтқан: Ақтөбеде TikTok қолданушысы 5 тәулікке қамалды

Тікелей эфирде балағат сөз айтқан: Ақтөбеде TikTok қолданушысы 5 тәулікке қамалды
Фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде TikTok желісінде өткен тікелей эфир барысында былапыт сөйлеп, әдепсіз қимылдар көрсеткен тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, желіде тәртіп бұзған қаланың 42 жастағы тұрғыны жедел анықталған. Сот қаулысымен ол 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

«TikTok-тағы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, әдепсіз ишаралар көрсеткен Ақтөбе қаласының 42 жастағы тұрғыны анықталды. Сот шешімімен ер адам 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Әлеуметтік желілердің қоғамдық кеңістік екенін, тікелей эфир заң бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеміз», — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары интернет желісінде былапыт сөйлеу, өзгелерді қорлау және қоғамға құрметсіздік таныту нақты қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтармен бірдей жазаланатынын қатаң ескертті. Мұндай қадамдар виртуалды кеңістіктегі мәдениетті арттырып, тәртіп орнатуға бағытталып отыр.

 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу