Ыстанбұлда қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты: СІМ не дейді?
Түркияның Ыстаyбұл қаласында Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың қазасына қатысты тергеу басталды. 26 жастағы отандасымыз көрші ғимараттың шатырынан құлап, оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында қаланың Шишли ауданына қарасты Эргенекон шағынауданында орын алған. Түркиялық БАҚ таратқан алдын ала ақпаратқа сәйкес, қазақстандық қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші тұрған ғимараттың шатырына өткен.
Кейін ол шатырдың ортасына қарай беттеп, бос кеңістіктің үстіне орнатылған әлсіз жабынды басқан болуы мүмкін. Салдарынан құрылым қыздың салмағын көтере алмай опырылып, ол ғимараттың екінші жерасты қабатына дейін құлаған.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері отандасымыздың алған ауыр жарақаттарынан сол сәтте көз жұмғанын анықтады.
Түркиялық басылымдардың дерегінше, марқұмның үстіндегі киімі толық болмаған. Қыздың таңсәріде шатырға қандай мақсатпен шыққаны әзірге белгісіз.
Қазіргі уақытта марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Белгілі болғандай, Айсұлу Бекмаханова Түркияға 2026 жылдың қыркүйегінде визасыз режим аясында барған. Бейресми мәліметке қарағанда, ол Ыстамбұлда Ресей азаматымен бірге бір пәтерді жалдап тұрған.
Аталған оқиғаға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
«ҚР СІМ Ыстанбұлда Қазақстан азаматшасының қайтыс болғаны туралы хабардар. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тікелей байланыс орнатып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Түркияның құзыретті органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр, қайғылы жайттың нақты мән-жайы анықталуда. Бұл мәселе ҚР СІМ-нің тікелей бақылауында», – деп хабарлады министрліктегілер тілшімізге.
Соңғы жаңалықтар