«12 адам шабуылдаған»: полиция үш күдіктінің ұсталғанын растады
Қызылорда облысының Полиция департаменті 2006 жылы туған жігіттің өліміне қатысты мәлімдеме жасады. Полиция үш күдіктінің ұсталғанын растады. Қазір оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазба жариялап, тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен еді. Оның айтуынша, 8 қазанда Қызылордадағы Есетов көшесінде орналасқан дәмхананың жанында інісіне шамамен 12 адам шабуыл жасаған.
Әпкесі бір топ адам інісін соққыға жығып, жүрек тұсына үш рет пышақ сұққанын мәлімдеген. Ол тек үш адамның ұсталғанына алаңдап, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан тергеуді бақылауға алуды сұраған.
Осыдан кейін Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық іс бойынша ақпарат таратты.
«8 қазанда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған оқиға бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген полиция хабарламасында.
Ведомство тәркіленген барлық бейнежазба зерттелгенін және басқа адамдардың оқиғаға қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатқанын хабарлады.
«Тәркіленген барлық бейнежазбалар зерделенді. Оқиғаға өзге де тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екендігі тексерілуде. Әрбір қатысушының рөлі мен қатысу дәрежесіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға берілетін болады», деп хабарлады полиция.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды. Қылмыстық істің тергелу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Айта кетейік, бұдан бөлек, Қызылордада тағы бір қайғылы жағдай болған. Қаланың орталық алаңында жасөспірімдер арасындағы төбелес салдарынан бір бала қаза тапқан.
Соңғы жаңалықтар