Ақтөбе облысында 20 күн бұрын жоғалған 10 жасар баланың денесі табылды
Ақтөбе облысында Мәртөк ауданында із түзсіз жоғалған 10 жасар баланы іздеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін ТЖМ сүңгуірлері жоғалған Мансұр Саматовтың денесін тапты.
Оның мәйіті Елек өзенінен жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте анықталды.
Еске сала кетсек, 29 наурыздан бастап өңірде 4-сынып оқушысына тәулік бойы іздестіру жұмыстары жүргізілген. Бала үйінен шығып, қайта оралмаған.
Іздестіру жұмыстарын Сарыжар ауылы маңында ТЖМ, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер және жергілікті тұрғындар жүргізді.
Күн сайын сүңгуірлер 30–35 км су айдынын зерттеп, жүзу құралдары арқылы 25–30 км су беті тексерілді.
Жаяу топтар 15–20 км жағалау сызығын қарап шықса, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 10–15 км аумақ бақылауға алынды. Сонымен қатар эхолоттар белсенді түрде қолданылды.
Іздестіру жұмыстарына иірімді арна, қатты ағыс, қалың өсімдік жамылғысы, сондай-ақ лайлы әрі көріну деңгейі төмен су кедергі келтірген.
Соңғы жаңалықтар