Ақтөбе облысында жұмыртқадай бұршақ жауды

08.05.2026 21:10 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбе облысында жұмыртқадай бұршақ жауды
944
Коллаж: Politico.kz
Бұршақ шатырларды тесіп, ауылды жарықсыз қалдырды

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында алапат бұршақ бірнеше ауылды әбігерге салды, деп хабарлайды Politico.kz.

Күшті дауыл салдарынан тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандары зақымданып, кей ауылдар жарықсыз қалды. 7 мамыр кешінде жауған ірі бұршақ әсіресе Шеңбертал ауылына қатты соққы болған. Тұрғындардың айтуынша, мұз түйіршіктерінің көлемі жұмыртқадай болған. Салдарынан үйлердің шатырлары тесіліп, қора-қопсылар бүлінген, көліктердің әйнектері сынған.

Ауыл тұрғыны Думан Ызаш табиғат апатынан кейін баспанасының шатыры жарамсыз болып қалғанын айтты. Оның сөзінше, ауылдағы жүзге жуық үйдің 80-і бұршақтан зардап шеккен. Қазір кей үйлерге су кіріп, тұрғындар алаңдап отыр.

Табиғаттың тосын мінезі Жарма ауылын да айналып өтпеді. Қатты жел мен бұршақ салдарынан электр бағаналары құлап, ауыл кешеден бері жарықсыз қалған.

Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновтің мәліметінше, апаттан кейін энергетиктер бірден оқиға орнына жіберіліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий