ШҚО-да бір апта бұрын жоғалған жігіттің денесі табылды

08.05.2026 20:13 Қарақат АСЫЛОВА
ШҚО-да бір апта бұрын жоғалған жігіттің денесі табылды
941
Видеодан кадр
Шалқар көлінде жоғалған жігіт 20 метр тереңдіктен табылды

Шығыс Қазақстан облысында бір апта бұрын Шалқар көлінде жоғалып кеткен сапборд мінген жігіттің денесі табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 1 мамыр күні Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде болған. 2001 жылы туған азамат құтқару жилетін киместен сапбордпен суға шыққан. Біраз уақыттан кейін ол із-түзсіз жоғалып кеткен.

Жас жігітті іздеу жұмыстары жеті күн бойы тоқтаусыз жүргізілді. Оған облыстық ТЖД қызметкерлері, сүңгуірлер және арнайы техникалар жұмылдырылған. Іздеу барысында көл аумағы дрондармен, эхолоттармен және жүзу құралдарының көмегімен тексерілген. Құтқарушылар жалпы саны 59 рет су астына сүңгіген.

Мамандардың айтуынша, іздеу жұмыстарына көлдің тереңдігі айтарлықтай қиындық туғызған. Марқұмның денесі көл жағасынан шамамен 200 метр қашықтықта, 20 метр тереңдіктен табылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий