FlyArystan рейсінде жолаушының алтындары мен құжаттары жоғалып кетті
FlyArystan әуе компаниясының жолаушысы Астана – Шымкент бағыты бойынша рейстен кейін жеке заттарының жоғалып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 2026 жылдың 7 мамырында FS-7307 рейсінде болған. Жолаушының айтуынша, ұшақ таңғы 04:45-те ұшып шыққан. Ұшақ салонында қол жүгін қоятын орын болмағандықтан, бортсерік оның сөмкелері салынған пакетті басқа жерге — 5B орнының маңына қойған. Ал әйелдің өзі 4C орнында отырған.
Жолаушының сөзінше, ұшақ қонғаннан кейін пакет жыртылған күйде табылған. Кейін үйіне барған соң, оның ішінде құжаттары мен алтын әшекейлері салынған кішкентай қызғылт сөмкенің жоғалып кеткенін байқаған.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада әйел оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп, сол маңда отырған жолаушыларды анықтауды және әуежай мен ұшақтағы бейнебақылау жазбаларын қарауды сұраған.
Ал Көліктегі полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
“Астана әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасы ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.
Әзірге оқиғаға қатысты өзге ақпарат жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар