Ақтөбе облысының балабақшалары қарақұмықты 500% үстемемен сатып алған

Ақтөбе облысындағы балабақшалар қарақұмықты 500% үстемемен сатып алған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Агенттіктің мәліметінше, өңірдегі 80 мектепке дейінгі мекемеде қарақұмық, картоп, сәбіз, қант, жұмыртқа және тұз сияқты өнімдердің бағасы агенттіктің араласуынан кейін төмендеді.
Қостанайда 117 әлеуметтік мекеменің азық-түлікті 180%-ға дейінгі үстемемен сатып алғаны анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің жергілікті департаменті тексеріс жүргізгеннен кейін, барлық мемлекеттік мекемелер қосымша келісімшарттар жасасып, шамамен 60 млн теңгені үнемдеді. Осындай жұмыстар Астана мен Қарағанды облысының 175 балабақшасында да жүргізіліп, 100 млн теңгеден астам қаражат үнемделді.
Агенттіктің мәлімдеуінше, 2024 жылы Қазақстандағы 1100-ден астам мемлекеттік мекеме азық-түлікті қымбат бағамен сатып алған. Мемлекеттік сатып алуларға қатысты 685 мекеменің келісімшарттары қайта қаралып, 370 млн теңгеден астам қаражат үнемделді.
«Бұл жұмыстар IT-құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылып, кәсіпорындардың қызметіне араласусыз жүргізілді. Нәтижесінде 69 тиімсіз делдалдар алынып тасталды», – деп мәлімдеді агенттік.
Соңғы жаңалықтар





