Кәсіпкерді кім өлтірді: полиция жаңа мәлімет жариялады

Кәсіпкерді кім өлтірді: полиция жаңа мәлімет жариялады

Абай облысында бес күн іздестірілген белгілі кәсіпкер Ринат Ахметовтің өліміне қатысты тың мәлімет жарияланды. Полицияның мәліметінше, 44 жастағы ер адамның өлімінен қылмыс белгілері анықталмаған. Ол елсіз далада қатты тоңып, үсік салдарынан көз жұмған, деп хабарлайды Politico.kz Kazinform агенттігіне сілтемемен.

Семейдегі жанармай құю бекеттері желісінің иесі Ринат Ахметов 4 қарашада жоғалып кеткен еді. Бес күнге созылған іздестіру жұмыстарынан кейін оның мәйіті Бородулиха ауданынан табылған.

Кәсіпкерді іздеуге арнайы бөлімшелер, әскери қызметшілер мен ондаған техника жұмылдырылған. Полиция бастапқыда оны ұрлап әкету немесе тапсырыспен өлтіруі мүмкін деген нұсқаларды да қарастырған.

Алайда тергеу барысында бұл болжамдар расталмаған.

Кәсіпкер елсіз далада қалай қалып қойған?

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ринат Ахметов көлігімен адам сирек жүретін қара жолда келе жатқан. Бұл жолмен аптасына бір рет қана көлік өтеді екен.

Жолда кәсіпкердің көлігі жыраға түсіп, қар мен лайға батып қалған. Ол көлігін өз күшімен шығара алмаған.

Оның үстіне ұялы телефонының қуаты таусылып, ешкімге хабарласа алмаған. Жолдан өтетін көлік болмаған соң, жақын маңдағы елді мекенге жаяу жетуге шешім қабылдаған. Алайда оған дейін ашық дала арқылы шамамен 35 шақырым жүру қажет болған.

Полицияның мәліметінше, кәсіпкер жолда қатты тоңып, үсік салдарынан қайтыс болған.

«Жоғалған азаматтың белгілі кәсіпкер болғанын ескеріп, алғашқы күндерден бастап оның жоғалуына қылмыстық әрекеттің қатысы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармадық. Сондықтан іздестіру жұмыстарына жеке құрам мен техниканы барынша жұмылдырдық. Бірақ тергеу барысында бұл оқиғаның қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Ер адам қатты тоңып, денесі үсіп кету салдарынан көз жұмған. Қатты үсу кезінде адам бойын жалған жылу сезімі билеп, үстіндегі киімдерін шеше бастайды. Іздестірушілердің кәсіпкердің қуаты таусылған телефоны мен киімдерінің бір бөлігін мәйіті табылған жерден едәуір қашықтықтан анықтауы осы жағдаймен түсіндіріледі», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Айта кетейік, Ринат Ахметовті іздеуге 60-тан астам полиция қызметкері жұмылдырылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу