Алматыда өртенген ең көне спорт мектебінің орнына тұрғын үй кешені салына ма: Спорт басқармасы жауап берді

Алматыда өртенген ең көне спорт мектебінің орнына тұрғын үй кешені салына ма: Спорт басқармасы жауап берді
Ашық дереккөздерден

Алматылық спортшылар мен қала тұрғындары өрттен зардап шеккен ең көне спорт мектебінің орнында кезекті тұрғын үй кешені немесе сауда-ойын-сауық орталығы пайда болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде. Алайда қалалық Спорт басқармасы нысанның өз орнында қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Нысанды өртке дейін ғимаратты бұзбай-ақ реконструкциялау жоспарланған болатын. Алайда жұмыс кестесінен кешігуіне байланысты Спорт басқармасы мердігермен келісімшартты бұзған. Бұл туралы gov.kz сайтында жарияланған 2026 жылдың І тоқсанындағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі жөніндегі есепте көрсетілген.

Мектептің алдағы тағдырына қатысты алаңдаушылығын сырықпен секіруден Қазақстан чемпионы Ярослава Вислобокова да әлеуметтік желіде жеткізді:

— Алматыдағы жеңіл атлетика манежі өртеніп кетті. Біреулер үшін бұл жай ғана ғимарат, спорт нысаны немесе кезекті жаңалық шығар. Бірақ мен және жүздеген спортшы үшін бұл одан әлдеқайда маңызды. Менің жаттығуларым дәл осы жерде өтті, мінезім қалыптасып, спорттық мансабымның іргетасы қаланды. Бүгін мен мемлекет пен қала басшылығына бірнеше сұрақ қойғым келеді: енді балалар мен спортшылар қайда жаттығады? Күн сайын осы манежде дайындалған жас жеңіл атлеттер қайда барады? Жаңа жеңіл атлетика манежі қайда және қашан салынады? Бізге құрғақ уәде емес, нақты мерзімдер мен әрекеттер қажет, — деп жазды спортшы.

Сондай-ақ чемпион өрттің ресми себебі, өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы, ғимараттың техникалық жағдайының тексерілуі және бұл жағдайға нақты кімнің жауап беретіні туралы мәселе көтерді.

Еске сала кетейік, өрт 15 қарашада орын алды, зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері әлі анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, манеждің шамамен 1,1 мың шаршы метр аумағы зақымданған. Спорт басқармасының хабарлауынша, металл штангалар мен дискілерді қоса алғанда, спорттық жабдықтардың бір бөлігін сақтап қалу мүмкін болды. Шығын көлемін арнайы бағалау комиссиясы анықтайды.

Қалалық Спорт басқармасы №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің (МБЖОРМ) өртенген манежі қалпына келтірілетініне уәде берді:

— Манеж бұрынғы орнында қалпына келтіріледі. Жұмыстарды бастамас бұрын мамандар техникалық тексеру жүргізеді, соның нәтижесі бойынша қажетті іс-шаралар, мерзімдер және қаржыландыру көлемі айқындалады, — деп түсіндірді ведомствода.

Жаттығу процесі қалай ұйымдастырылады

Ведомствоның мәліметінше, 352 спортшының жаттығу процесі үзілмейді және қаланың басқа спорт базаларына ауыстырылады:

  • 110 спортшы — Республикалық спорт колледжінде;
  • 70 спортшы — Олимпиадалық даярлық базасында;
  • 60 спортшы — Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде;
  • 112 адам — Спорт басқармасына қарасты дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде жаттығады.

Спортшыларды жаттығу орындарына жеткізу және кері алып келу үшін арнайы автобустар бөлінеді.

№2 МБЖОРМ 1964 жылы құрылған. Мұнда жеңіл атлетикадан бөлек, бокс, таеквондо, грек-рим күресі және көгалдағы хоккей секциялары жұмыс істеді. Бұл мектеп Сидней-2000 Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина және сырықпен секіруден жабық ғимараттағы әлем чемпионы Игорь Потапович сияқты танымал түлектерімен мақтанады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу