Ақтөбеде 500 км жүгірген мұғалім депутат атанды

31.10.2025 11:19 Арман Ермеков
Ақтөбеде 500 км жүгірген мұғалім депутат атанды
0
361
Қуаныш Құрмашев. Фото: «Диапазон» газетінен

26 қазан күні Ақтөбе облысында бос мандаттарды толықтыру үшін мәслихат депутаттарын сайлау өтті, деп хабарлайды POLITICO.KZ "Диапазон"-ға сілтеме жасап.

Сайлау нәтижесіндегі ең ерекше жеңімпаздардың бірі Қарғалы ауданында тіркелді. Бұл жердегі №8 сайлау округ бойынша Петропавловка ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қуаныш Құрмашев жеңіске жетті.

Жергілікті тұрғындар Қуаныш Құрмашевты бұрын Оралдан Ақтөбеге дейін 500 шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп өткен мұғалім ретінде жақсы таниды.

Ақтөбе қаласында №8 және №28 сайлау округтері бойынша барлығы 21 538 сайлаушы тізімге енгізіліп, олардың 9 474-і дауыс беруге қатысқан. Алты кандидаттың арасынан №8 округте «Анвар» ЖШС компаниясының директорының орынбасары Аслан Қайырғалиев жеңіске жетті. №28 округте «Озат Өркен» ЖШС басшысы, бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры және Ақтөбе облысы білім басқармасын басқарған Сауле Өмірбекова сайланды. Енді олар Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары қатарын толықтырды.

Сонымен бірге облыстың басқа аудандарында да жаңа депутаттар сайланды.

Байғанин ауданының №2 округінен 43 жастағы мектеп директоры Айгүл Тілеулина жеңіске жетті.

Ойыл ауданынан Қараой мектеп-балабақшасының мұғалімі Мұстафа Бисенбаев депутаттық мандатқа ие болды.

Хромтау ауданында екі округте сайлау өтіп, «NurAsEnergy» ЖШС директоры Арғын Беркімбаев пен №7 мектеп-гимназиясының директоры Ақмарал Тұрғымбаева жеңді.

Шалқар ауданында да екі депутат сайланды: №9 округ бойынша кәсіпкер Еркін Төлебов және №10 округтен «Ұлы Борсық» КМК директоры Асылхан Аманжолов.

Ырғыз ауданының №1 округі бойынша кәсіпкер Жангелді Абылаев депутат атанды.

Еске сала кетейік, Құрмашев осы жылдың 15 қыркүйек күні 5 күндік марафон ұйымдастырып, Орал қаласынан Ақтөбе қаласына дейін 500 шақырым жаяу жүгіріп өткен.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий