Ақтөбеде пауэрбанк салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды

04.03.2026 11:07 Әсел Мұрат
Ақтөбеде пауэрбанк салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды
267
Фото: видеодан скрин

Ақтөбеде қарапайым пауэрбанк бір отбасы үшін үлкен қайғылы жағдайға себеп болды. Портативті қуаттау құрылғысының жарылуы салдарынан олар бір сәтте баспанасыз қалды, деп хабарлайды Politico.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Қазір Тимур Майрумбаевтың үйінен тек жанған қабырғалар ғана қалған. Үйдің іші күл-талқан: есіктер сынған, күйік иісі мүңкіп тұр. 28 ақпанда болған өрт бұл отбасының жалғыз баспанасын түгел жойып жіберді. Бұл үйде Тимур екі ұлымен және әкесімен бірге тұрған. Қайғылы оқиғаға кәдімгі пауэрбанк себеп болған.

«Бір кезде қатты тарс еткен дыбыс естідім, жарылыс сияқты болды. Жүгіріп шықсам, ұлымның бөлмесінде немерелерім пауэрбанкті қосып қойған екен, сол жерден бірден лап етіп от шықты! Жарылыс болып, түтін тарады. Бірден шкаф өртеніп кетті. Тыныс алу мүмкін болмай қалды. Іште ештеңе көрінбеді. Мұндай құрылғыларды, әсіресе, балаларға қосуға мүлде тыйым салу керек», – дейді қала тұрғыны Құрман Майрумбаев.

Тимурдың әкесі өрт сөндірушілердің санаулы минуттар ішінде жеткенін айтады. Алайда ол кезде үйді құтқарып қалу мүмкін болмаған.

«28 ақпанда Ақтөбе қаласының «Арман» тұрғын алабында бір қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры жанды. Өрт сағат 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толықтай сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ғажайыптың арқасында тек құжаттар ғана аман қалған. Оқиғадан кейін отбасы туыстарының үйіне уақытша көшіп кеткен. Қазір олар жаңа баспана іздеп жүр. Ер адам алты жыл бойы өз қолымен тұрғызған үйін енді қайтадан нөлден бастап қалпына келтіруге мәжбүр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий