Ақтөбеде соққыға жығылды делінген сарбаздың анасы ұлының мүшкіл жағдайын айтты

07.09.2026 08:52 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде соққыға жығылды делінген сарбаздың анасы ұлының мүшкіл жағдайын айтты
361
Фото: Lada.kz

Ақтөбедегі әскери бөлімде соққыға жығылғанын мәлімдеген ақтаулық сарбаздың ата-анасы ауруханада жатқан ұлына барды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Lada.kz-ке сілтемемен.

Гүлдана Кетібаева күйеуімен бірге ұлын көруге келгенде оның түріне шошығанын айтады. Анасының сөзінше, сарбаз қатты жүдеген, үсті-басы кірлеп кеткен. Сонымен қатар жас жігіт өздігінен кіші дәретке бара алмайтындықтан, оған катетер қойылған. Тек ата-анасы келгеннен кейін ғана әскери бөлімнен оған ауыстырып киетін таза киім әкеліпті.

«Көзі ішіне кіріп кеткен, шашы өскен, қатты азып кетіпті. Киімін қоқыстан тауып алғандай, үсті-басы кір. Тіпті ауыстырып киетін киім де әкелмеген. Физикалық және эмоционалды түрде жаншылған. Бомж сияқты көрінеді деуге болады», – деді сарбаздың анасы.

Жігіт анасына шабынан соққы алғанын растаған. Осыдан кейін оның жағдайы нашарлап, дәретханаға дұрыс бара алмай қалған. Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, сержанттар ауырсынып тұрған сарбазға тапсырма беріп, оны орындай алмағаны үшін қайтадан ұрып-соққан. Жігіт екі тәулік бойы кіші дәретке шыға алмай қиналған соң ғана Ақтөбедегі облыстық ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі кезде әскери прокуратура Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғады. Бұл бап билікті немесе қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалануды білдіреді. Аталған қылмыс үшін 5000 АЕК (21 625 000 теңге) мөлшеріне дейін айыппұл төлеу немесе сол көлемде түзеу жұмыстарына тарту жазасы қарастырылған. Сондай-ақ 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе осы уақытқа бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Тергеу жүріп жатқандықтан, сарбазды ұрды деп айыпталған аға сержант пен тағы екі сержанттың аты-жөні әзірге жарияланбады.

Жәбірленушінің анасы ұлын басқа әскери бөлімге ауыстыруды сұрап отырған жоқ. Ол сарбаздың әскери қызметтен босатылуын талап етуде.

«Бұдан әрі мұнда қызмет етеді деп ойламаймын. Ал кінәлілер заң бойынша жазасын алуы тиіс», – деді сарбаздың анасы.

Еске салайық, 18 жастағы Еркебұлан Досымбет Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде 2026 жылдың 3 шілдесінен бастап Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Ол полицияға арыз жазып, бейнебайланыс арқылы анасына өзін бөлімде үнемі ұрып-соғатынын айтқан болатын.

Қазіргі уақытта жас жігіт ата-анасының жанында, Ақтөбе облыстық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий