Ақтөбедегі мешітте келуші қызға тиіскен ер адам қамалды

Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында 42 жастағы күдікті Талғат Ахметовке қатысты іс қаралды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Сотта күдікті өз кінәсін мойындамады. Алайда сот Ахметовтің кінәсі дәлелденді деп тауып, оны 5 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.
Іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 449-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалды.
Сотта Т.Ахметовтің бұған дейін де әкімшілік жауапқа тартылғаны, соған қарамастан 24 шілде күні сағат 17:30-да "Нұр ғасыр" мешітінің кіре берісінде, яғни қоғамдық орында өзі танымайтын қызға сексуалдық сипаттағы ұсыныс жасап, мазалағаны туралы айтылды.
“Талғат Ахметов ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылсын. Әкімшілік қамаққа алу мерзімі 2025 жылғы 29 шілдеден бастап есептелінсін”, – деді судья А.Бисеналина.
Соңғы жаңалықтар





