Арқалықта хирург науқасқа мас күйінде ота жасаған

Үкіметтің баспасөз брифингінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысында операция кезінде көз жұмған науқастың өлімі туралы пікір білдірді, деп жазады POLITICO.KZ.
Журналистердің айтуынша, қайғылы жағдай Арқалық қаласында болған. Пациент 61 жастағы ер адам хирургиялық ота кезінде көз жұмған. Қазір операцияны жүргізген дәрігердің мас күйде болғаны туралы күдік бар.
Министр бұл жағдайға байланысты тиісті тексеріс басталғанын мәлімдеді:
«Қазір фармацевтикалық бақылау департаменті оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Облыстық ішкі істер департаменті тергеу амалдарын бастады. Тексеру аяқталған соң толық ақпарат берілетін болады. Полиция әзірге қосымша мәлімет таратқан жоқ, алайда министрлік тарапынан арнайы маман бөлінді», — деді Ақмарал Әлназарова.
«Қостанайские новости» басылымының жазуынша, операцияны Қостанай облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі жүргізген. Ота сәтсіз аяқталып, пациент ота үстінде жан тапсырған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, олардың әкесі қайтыс болғаны туралы хабарды дәрігерлерден емес, өздері операциялық бөлмеге кіріп, үсті жаймамен жабылған мәйітті көргенде білген.
«Әкемнің өлімі туралы бізге ешкім хабарлаған жоқ. Ағам операция жасалып жатқан бөлмеге өзі кіріп, әкемнің жансыз денесін көрді. Дәрігерді аурухана аумағынан туыстарымыздың өздері ұстап қалды. Полиция шақыртылды, дәрігерді тексеруге алып кетті. Сараптама оның мас күйде болғанын көрсетті», — дейді марқұмның қызы Әсел Оспанова.
Қазір бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру нәтижелері мен ресми қорытынды кейінірек жарияланады.
Соңғы жаңалықтар





