Әсел Қаппароваға айыппұл салынды
Ұлыбритания азаматтығын алған 30 жастағы Әсел Нұрланқызы Қаппарова Қазақстан билігіне бұл туралы хабарламағаны үшін 432 500 теңге айыппұл төлейтін болды. Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, ол Алматыға туыстарын көруге келгенде, осы әрекеті үшін жауапқа тартылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Әсел шетелде оқуын бітіріп, Лондонда тұрып қалған. 2026 жылдың ақпанында Ұлыбритания төлқұжатын алған соң, Қазақстан төлқұжатын 30 күн ішінде ішкі істер органдарына немесе елшілікке тапсыруы керек болған. Алайда ол мұны істемей, екі төлқұжатымен анасы мен бауырына бару үшін Алматыға келген.
Оған Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны жөнінде хаттама толтырылып, ісі әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотта қаралған. Мұндай жағдайда 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе елден шығару жазасы қарастырылған.
Әсел сотта бұл талаптарды білмегенін айтқан. Сот оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 432 500 теңге айыппұл салған. Қаулы заңды күшіне енген.
Козачковтың айтуынша, Әселдің аты-жөні, әкесінің аты мен туған күні бұрынғы қоршаған орта министрі Нұрлан Қаппаровтың қызының деректерімен толық сәйкес келеді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын да басқарған Нұрлан Қаппаров 2015 жылы қайтыс болған.
Соңғы жаңалықтар