Асхат Асылбеков: Бізде салық азайса, халық байып кететін еді

07.09.2026 13:20 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асхат Асылбеков: Бізде салық азайса, халық байып кететін еді
123
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандағы жүргізіліп жатқан салық саясаты мен шағын және орта бизнестің ахуалы төңірегінде қоғам белсендісі Асхат Асылбеков өз пікірін білдірді. Елдегі фискалдық жүктеменің артуы кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуіне және азаматтардың табысының азаюына алып келуде. Бұл орайда ол мемлекеттің экономикалық саясатын қайта қарап, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Асхат Асылбеков "Қасқа жол" арнасындағы сұқбатында әңгімеледі.

 «Үкіметке айтылған сын Мәулен Әшімбаевтың саяси тағдырына әсер етті ме, жоқ па — оны нақты білмеймін. Дегенмен, біздің үкіметтің жүргізіп отырған саясатын толық дұрыс деп айта алмаймын. Әсіресе салық саясатына қатысты мәселелер бар. Бұл — бұрыннан белгілі нәрсе. Мемлекетті байыту үшін салықты төмендету қажет. Салық азайған кезде бизнес пен халықтың жағдайы жақсарады. Халық байыса, оның қаражаты жалпы экономикаға салынып, оның дамуына ықпал етеді. Содан кейін экономика жанданып, адамдар кафеге, тойға барып, көлік пен пәтер сатып ала бастайды. Ақша айналымы көбейген сайын экономиканың барлық саласына қан жүгіреді», — деді Асхат Асылбеков.

Саясаткердің айтуынша, фискалдық талаптардың қатаңдауы халықтың сұранысын шектеп қана қоймай, шағын бизнес өкілдерінің жабылуына себеп болуда. Әсіресе соңғы айлардағы көрсеткіштер отандық кәсіпкерліктің тығырыққа тірелгенін және әлеуметтік-экономикалық тәуекелдердің өскенін білдіреді.

«Ал салық өскен кезде жағдай керісінше болады. Мәселен, соңғы 8 айдың ішінде 265 мың жеке кәсіпкерлік жабылды. Бұл — 265 мың отбасы табысынан айырылды деген сөз. Әр отбасыда орта есеппен төрт адамнан болса, 1 миллион 100 мыңнан астам адам ақшасыз қалды. Олар — Қазақстан азаматтары. Халықты мұндай жағдайға жеткізген — үкіметтің қате салық саясаты», — деді саясаткер.

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін Асхат Асылбеков халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ішкі өндірушілерді салықтық жеңілдіктер арқылы ынталандыруды ұсынады. Ішкі нарықты қорғау және отандық кәсіпорындарға жағдай жасау жұмыссыздықты азайтудың басты тетігі ретінде қарастырылады.

«Мысал ретінде Дональд Трамптың саясатын айтуға болады. Трамп ішкі салықты төмендетіп, шетелдік тауарларға тарифтерді көбейтті. Нәтижесінде АҚШ-тағы жергілікті компаниялар қарқынды жұмыс істей бастады, ал жұмыссыздық соңғы 70 жылда болмаған ең төменгі деңгейге дейін азайды. Ашылған әрбір кәсіпорын қосымша адамдарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондықтан Мәулен Әшімбаевтың айтқан сынын толық қолдаймын», — деді Асхат Асылбеков.

Войдите, чтобы оставить комментарий