Әскерге енді үйден жазылуға болатыны рас па?

Әскерге шақыру онлайн форматқа көшті, енді өтінішті үйден жіберуге болады, деп жазады POLITICO.KZ порталы ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда Қорғаныс министрлігі азаматтардың әскерге баруын жеңілдететін арнайы интернет-порталды іске қосты. MyArmy.kz деп аталатын бұл сайт енді әскери комиссариатқа бармай-ақ, көптеген мәселені онлайн шешуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық әскерге шақыру жүйесін заманауи және ашық етуге бағытталған.
Бұл қандай сайт және не үшін қажет?
Бұрын азаматтар әскерге қатысты кез келген сұрақпен немесе құжатпен жергілікті әскери комиссариатқа баруға мәжбүр болатын. Енді MyArmy.kz сайты арқылы көп нәрсені үйден шықпай-ақ білуге болады. Мысалы, сайт арқылы мерзімді әскери қызметке немесе келісімшарт бойынша әскерге баруға өтініш беруге, жиі қойылатын сұрақтардың жауабын оқуға, соңғы жаңалықтармен танысуға және кері байланыс орнатуға болады.
Жобаның басты мақсаты әскерге шақыру үдерісін жеңілдету, қағазбастылықты азайту және комиссия жұмысының ашықтығын арттыру. Яғни, барлық құжат онлайн рәсімделетіндіктен, түрлі бюрократиялық кедергілер азаяды деп күтілуде.
Өтініш беру қалай жүреді?
Сайт арқылы әскерге баруға өтініш беру үдерісі үш кезеңнен тұрады және оны үміткер өзі бақылап отыра алады.
Бірінші кезеңде үміткер сайттағы форманы толтырып, өтініш жасайды. Осыдан кейін оның мәртебесі «Жасалған» деп тұрады. Бұл дегеніміз құжаттарды әскери комиссариат қабылдап алып, тексеріп жатыр деген сөз.
Екінші кезеңде мәртебе «Өңделуде» деп өзгереді. Бұл тексерудің аяқталғанын және үміткердің медициналық комиссиядан өту үшін тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариатқа келуі керек екенін білдіреді. Тіпті уақытты үнемдеу үшін сайтта үміткерге алдын ала қандай анализдер мен анықтамалар тапсыру керектігі туралы тізім де беріледі.
Үшінші кезеңде медициналық комиссиядан өтіп, үміткердің жеке қасиеттері зерттелгеннен кейін өтініштің мәртебесі «қабылданды» немесе «қабылданбады» деп өзгертіледі.
Болашақта тағы қандай мүмкіндіктер болады?
Бұл портал SARBAZ+ деп аталатын үлкен пилоттық жобаның бір бөлігі екен. Қазіргі таңда бұл жүйе Алматы облысындағы бір әскери бөлімде сынақтан өтіп жатыр. Егер бәрі сәтті болса, жоба Қазақстанның басқа да әскери бөлімдеріне енгізіледі.
Ең басты жаңалықтардың бірі болашақта әскерге барушылар қай әскери бөлімде қызмет еткісі келетінін өздері таңдай алады. Мұнда олардың бұрын алған мамандығы мен әскери дағдыларды кейін азаматтық өмірде қалай қолдана алатыны ескеріледі.
Соңғы жаңалықтар





