Әскери бөлім бастығы 5 жылға сотталды
Ақтөбеде әскерилерді алдап, ақшасын құмар ойынға тіккен бөлім бастығы сотталды, деп хабарлайды Politico.kz
Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің кадр және саптық бөлімшесінің бастығы алаяқтық жасағаны үшін, ал оған ақша ұсынған төрт офицер пара бергені үшін айыпты деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, бөлім басшысы Берік Тайжанов қызметтік бабын пайдаланып, әріптестерін алдаған. Ол Тараз, Талдықорған және Астана қалаларындағы әскери бөлімдерде қызмет ететін офицерлерді басқа жерге ауыстырып беруге уәде еткен. Атап айтқанда, 30212 әскери бөлімі рота командирінің орынбасарын Астанаға ауыстырамын деп сендірген.
Тайжанов «көмегі» үшін әскерилерден 150 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін ақша алған. Алайда ол уәдесін орындаудың орнына, жиналған қаражатты букмекерлік кеңселерге салып, құмар ойынға жұмсаған.
Айыпталушылар қатарында Ырғыз ауданы қорғаныс бөлімінің бастығы да болған. Бірақ ол 2024 жылдың соңында өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Осыған байланысты оған қатысты қылмыстық іс қысқартылды.
Сот процесінде айыпталушылар тағылған айыппен келіспеді. Берік Тайжанов ойынқұмарлық дертіне шалдыққанын жасырмады, бірақ ақшаны пара ретінде емес, қарызға алғанын айтты. Өзге сотталушылар да офицерлер арасында бір-біріне қарыз беру дәстүрі бар екенін алға тартты.
Сот үкімімен Берік Тайжанов «Алаяқтық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Пара берген екі әскери қызметкер 2 жылға сотталды. Тағы бір офицерге параның 20 еселенген мөлшері, яғни 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Барлық сотталғандар әскери шендерінен айырылды.
Соңғы жаңалықтар