Әскери сарапшы: Германия 2027 жылы Ресеймен соғысқа дайындалуы тиіс

Әскери сарапшы: Германия 2027 жылы Ресеймен соғысқа дайындалуы тиіс
21.04.2025 14:13
0
506
Коллаж POLITICO.KZ
Британиялық сарапшы Германияны 2027 жылға дейін Ресеймен соғысқа дайын болуға шақырды

Британдық әскери сарапшы Эд Арнольд Германия үкіметін Ресеймен мүмкін соғысқа 2027 жылға дейін дайын болуға үндеп отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ Welt am Sonntag газетіне сілтеме жасап.

Royal United Services Institute (RUSI) аналитикалық орталығының сарапшысы Арнольд DPA агенттігіне берген сұхбатында НАТО елдері алдағы екі жыл ішінде Ресеймен тікелей әскери қақтығысқа тартылуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, Германия қорғаныс саласына бөлген инвестицияларды он жылға созбай, жедел әрекет етуге тиіс.

— Германияда он жыл уақыт жоқ. Қазірдің өзінде тексерілген қару-жарақ жүйелері мен оқ-дәрілердің, әсіресе артиллериялық снарядтардың қорын жедел толықтыру қажет, — дейді Арнольд.

Басты назар - Leopard 2 A8, IRIS-T және дрондар

Сарапшы Германия Leopard 2 A8 танкісі, Boxer бронетехникасы және Taurus қанатты зымыраны сияқты қару-жарақтарды жаппай өндіріске шығарып, онымен өз армиясын және одақтастарын қамтамасыз етуі керек екенін атап өтті.

Арнольд IRIS-T әуе қорғаныс жүйесі мен бұрын пайдаланудан шығарылған Gepard зениттік танкісінің Украинада жоғары тиімділік көрсеткенін, сондықтан оларды қайта өндіріп, экспортқа шығару керек екенін айтты.

— Еуропа ең заманауи технологияларды ғана қолдануға ұмтылуын қайта қарауы тиіс. Украина тәжірибесі көрсеткендей, ең жақсы болу міндетті емес, қарсыластан сәл мықтырақ болу жеткілікті, — деді ол.

Дрондар — соғыс алаңында үстем құрал

Арнольд соғыс жүргізудегі қазіргі өзгерістер дрондардың шешуші рөлге ие екенін көрсетті деп есептейді. Сондықтан Еуропа бұл бағыттағы өндірістік қуатты да тез арттыруы тиіс.

Балтық елдеріндегі қауіп

Сарапшы Ресей қақтығысты бастайтын болса, оның негізгі бағыты Балтық елдерінде орналасқан Сувалк дәлізі болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл дәліз НАТО-ның Орталық Еуропа мен Балтықтағы елдері арасындағы жалғыз жер үсті байланысы.

Сондай-ақ ол НАТО мен Ресейдің әскери белсенділігі күшейіп келе жатқанын ескеріп, болжанбаған жерлерде қақтығыс туу қаупі бар екенін де айтты.

Германия - АҚШ қаруынан бас тарта ма?

Арнольд Германия Вашингтонның саяси бағыттарын ескере отырып, американдық қару-жарақ жүйелеріне тәуелді болуды қайта қарауы қажет дейді. Оның айтуынша, F-35 ұшақтары мен Patriot жүйесін орта мерзімді келешекте еуропалық баламалармен алмастыру қажет.

— Егер Еуропа шынайы дайын болғысы келсе, ол өз қорғанысына өзі жауап беруді үйренуі керек, — деп қорытты Эд Арнольд.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий