Аспаздар жетімдердің тамағын ұрлап, үйіндегі шошқасына берген

18.08.2026 20:46 Томирис САҒЫНДЫҚ
Аспаздар жетімдердің тамағын ұрлап, үйіндегі шошқасына берген
79
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақ тілінің жанашыры, парламент мәжілісінің, сенаттың экс-депутаты Генадий Шиповских балалар үйінде көрген әділетсіздік туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

«Балалар үйінде өте көптеген қызық жағдай болды. Негізгі мәселе – әлімжеттік. Ал менің ол жерден қашуыма, шыдай алмай кетуіме түпкі себеп – кішкентай кезімнен бастап жазуға жақын болуым еді. Мұғалімнің баласы болғандықтан ба, білмеймін, кітап оқуға, эссе жазуға әуес болдым. Сөйтіп жүргенде, 2004 жылдың аяғында бір әділетсіз жағдайларды көрдім. Біздің елімізге «Меркур Авто» деген компания келді. Олар ол кезде әйгілі Volkswagen автокөліктерінің дистрибьюторлары болатын. Олардың өкілі ретінде біздің әнші ағамыз Нұрлан Абдуллин жүрді. Нұрлан Абдуллин біздің Макаренко атындағы жетімдер үйіне келді. Ол кісі келгеннен кейін мынандай жағдай болды: ол кезде «двойка» деген телевизордың өзі біреуде бар, біреуде жоқ, жаңадан LCD жұқа телевизорлар енді шығып жатқан кезең еді. Олар – шетелден келген LG, Samsung сияқты заттар. Біздің төрт қабатты жетімдер үйінде бір-ақ телевизор болды. Оны да үлкен сыныптағы балалар көретін, ал біз олар не көрсе, соны қарайтынбыз. Қазандай болып, бәріміз – жүзден астам бала-шаға төртінші қабатқа жиналып отыратынбыз. Ал бізге, әрбір қабатқа және басқа да бөлімдерге түрлі құрал-саймандар берілді. Нұрлан Абдуллин өзі келіп, бәрін тапсырып, таратып берді», – деп еске алды экс-депутат.

Ары қарай Геннадий Шиповских асхана қызметкерлерінің әрекетін еске алды. Айтуынша, олар жетім балалардың тамағын ұрлап, үйіндегі иті мен шошқасына апарып беретін болған.

«Содан бөлек, біздің асханамызда бір әділетсіз жағдайлар бола бастады. Мен ол аңдаған кезде 14-15 жаста едім. Менімен бірге «Дом малюткадан» келген, ата-анасы тастап кеткен 3-4 жастағы кішкентай балалар да болды. Тамақ ішкен кезде менің де, ол баланың да порциясы бірдей болатын: екі кесек ет маған, екі кесек ет оған беріледі. Екі кесек етке мына бала тояды, ал мен тоймаймын, өйткені жасөспіріммін. Сөйтіп, біз мәселені байқаған соң, бір күні балалармен жиналып, бақылау-барлау жұмыстарын жүргіздік. Біздің ұйымшылдығымыз өте жақсы еді. Содан байқағанымыз: аспаздар бізге берілуі тиіс норманы бермей, жетім баланың аузынан жырып алып, өз үйіндегі шошқалары мен басқа да малдарына тасып жүр екен. Бір күні олар үлкен эмальданған кастрюльдерге тамақты құйып, далаға шығарып қойғанын көрдік. (...). Біз оларға сабақ болсын деп «виндетта» жасадық: ол кісілердің басын айналдырып жүріп, әлгі тамақтардың бәрін төгіп тастадық. «Не сізге, не бізге бұйырмасын» дегеніміз еді», – деді экс-депутат.

Шенеунік қатты қарны ашқанда жетімдер үйінің тәрбиеленушілерімен бірге ұрлыққа түскен күндерінің болғанын да жасырмады.

«Одан кейін біз бір-екі рет ұрлыққа түстік. Өйткені түнде қарның ашады: кешкі сағат 7-де екі кесек ет жегеннен кейін, түнгі сағат 11-12-де асқазаның құрыса бастайды. Бірте-бірте түрлі әдіс таптық. Қармақтың жібін есікке байлап, түнде тартқанда есік ашылатын етіп қоятынбыз. Түнде талай ұрлыққа түстік. Бір рет оңбай ұсталдық, оңбай таяқ жедік», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий