Астана әуежайының мүмкіндігі 4 есе артады: Үкімет жол мен әуе тасымалын қалай дамытпақ?

10.02.2026 11:18 Арман Ермеков
Астана әуежайының мүмкіндігі 4 есе артады: Үкімет жол мен әуе тасымалын қалай дамытпақ?
36
Фото: Ақорда

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жолдар мен әуежайларды жаңғырту бойынша ауқымды жоспарды жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатырған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр көлік-логистика саласындағы жаңа өзгерістер туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 2,9 мың шақырым жол жаңғыртылады.

Бұл жұмыстар транзиттік тасымал көлемін 60 пайызға ұлғайтуға септігін тигізеді. Нәтижесінде Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүк жеткізу уақыты жыл соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады.

«11 мың шақырым автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады», – деді Олжас Бектенов.

Авиация саласында да ірі өзгерістер күтілуде. Биыл Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл қадам 20 жылдан бері жөндеу көрмеген бірінші жолақты ретке келтіруге мүмкіндік береді. Жаңғыртудан соң бас қала әуежайының өткізу қабілеті 4 есе артып, 40 миллион жолаушыға дейін жетеді деп жоспарланған.

Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу шілде айында аяқталады. Оның жолаушы өткізу қабілеті 14 миллионнан 19 миллионға дейін өседі. Сонымен қатар авиаотын бағасы 1,2 мың доллардан 950 долларға дейін төмендеді. Бұл шетелдік әуе компаниялары үшін Қазақстанның әуе кеңістігін тартымды ете түспек.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий