Астана маңындағы жантүршігерлік қылмыс: полиция күдікті туралы мәлімет берді
Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі қатыгездікпен өлтірілген қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайжы Politico.kz.
Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл – аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі айға дейін қамауға алынған.
«Күдікті ұсталды. Соттың санкциясымен ол қамауға алынып, екі айға дейін қамауда ұстау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында да қосымша тергеу жұмыстары жалғасуда, жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр», – деді Санжар Әділов.
Министрдің орынбасары күдіктінің бұрын да сотталғанын айтты, алайда оның нақты қандай қылмыс үшін жауапқа тартылғанын ашып айтпады.
«Адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін анықтау – тек соттың құзырындағы мәселе. Ал құқық қорғау органдарының міндеті – дәлелдерді жинап, істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті түрде зерттеу», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ІІМ өкілі қаза тапқандардың бірнеше адам екенін растады. Қазіргі уақытта олардың барлығының жеке тұлғалары анықталған.
«Барлық мәйіттер танылып, жеке тұлғалары анықталды. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», – деп қосты Әділов.
Айта кетейік, бұған дейін мессенджерлерде Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында бір отбасының мүшелері аяусыз өлтірілгені туралы ақпарат тараған болатын. Қазір бұл дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Последние новости