Астанада «Балам реанимацияда жатыр» деп әріптестерін алдап ақша жинаған әйел сотталды

Астанада декретте отырған әйел әріптестеріне өтірік айтып, баласының еміне деп ақша жинап алған, деп хабарлайды POLITOCO.KZ
Полиция департаменті 31 жастағы әйелге қатысты алаяқтық факт бойынша қылмыстық іс қозғады. Өтірік айтқан келіншектің үстінен әріптестері арыз жазған.
«Әйел басшысына хабарласып, үйінде трагедия орын алғанын айтқан. Яғни, «кішкентай балам терезеден құлап кетті, қазір реанимацияда жатыр» деген. Әріптестері оны аяп, баласының ем-домы үшін ақша жинап берген. Әйел ол ақшаны алып, Түркияда демалып келіпті», - деп хабарлайды полиция департаменті.
Арада біраз уақыт өткен соң әріптесінің бірі оның күйеуіне телефон шалып, баласының жағдайын сұрайды. Сол кезде ер адам баласының аман екенін, ондай жағдай болмағанын айтқан.
«Әйелдің әріптестері оңбай алданғанын түсініп, полицияға арыз жазған. Құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғаған», - деп хабарлайды полиция.
Құқық қорғау органдары азаматтарға бөгде адамдардың сөзіне сене бермеуді, танысы болса да ақпаратты тексеруді және эмоцияға берілмеуді ескертті.
Еске салайық, қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотталушының мүлкі тәркіленіп, 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





