Астанада ер адам қарияны ұрып, әйелге де тап берген

Астанада ер адам қарияны ұрып, әйелге де тап берген
Фото: Бейнеден кадр

Астанада тұрғын үйдің кіреберісінен шыға сала қарт кісіні жұдырықпен ұрып, артынша оны қорғауға тырысқан әйелге тап берген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Желіде жарияланған кадрлардан ер адамның тұрғын үйдің кіреберісінен шығып, егде жастағы кісінің бетінен жұдырықпен ұрғанын көруге болады. Мұны көрген әйел жәбірленушіге араша түспек болған. Алайда ер адам оның да соңынан қуған.

Бейнежазбаны жариялағандар шабуыл жасаған адамның мас болуы мүмкін екенін айтып, полициядан оны тауып, жауапқа тартуды сұраған.

Астана қалалық полиция департаменті күдіктінің кім екенін анықтап, ұстағанын хабарлады.

– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп мәлімдеді полиция.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті 28 жаста. Ол мас күйінде қарт кісіге дене жарақатын келтірген. Сондай-ақ жәбірленушіні қорғауға тырысқан 41 жастағы әйелді де соққыға жыққан.

Полиция азаматтарға күш көрсету мен агрессия таныту заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу