Қазақстанда ақылы жолдардың бағасы өзгеруі мүмкін
Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүру тәртібін өзгерту мәселесі қаралып жатыр. Жаңа талаптар отандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты болуы мүмкін. Ал жеке жеңіл көлік иелеріне өзгеріс енгізу жоспарланбаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы 6 қарашада Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында ақылы жолдардан түсетін қаржыны көбейту және оны жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға жұмсау мәселесі талқыланған.
«Біз автомобиль жолдарын салғанымызбен, оларды күтіп ұстау және жөндеу шығынын бюджет есебінен жабуды жалғастырып келеміз. Жол инфрақұрылымы өзін-өзі қамтамасыз ететін жүйе құру қажет», – деді Серік Жұманғарин.
Жиында жүк көліктерінен алынатын төлемге қатысты бірнеше ұсыныс айтылды.
Атап айтқанда, сақтандыру саласының сарапшысы Әйгерім Қарабыйыкоглу Қазақстандағы ақылы жол тарифтерін көрші елдердегі бағаларға жақындату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар қазақстандық тасымалдаушылар үшін бөлек талаптар белгілеу мәселесін көтерді.
Сарапшының тағы бір ұсынысы шетелдік жүк көліктерін Қазақстан шекарасынан өткен кезде арнайы сақтандыру тетігін енгізу арқылы жолдарды күтіп ұстау шығындарына қатыстыру болды.
Ал «ҚазАвтоЖол» компаниясының бизнес-талдаушысы Фархад Нұркамалов жүк тасымалдаушылар үшін жылдық абонемент енгізуді ұсынды. Бұл компанияларға белгілі бір қашықтық үшін жол ақысын алдын ала төлеп, шығындарын жоспарлауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы болса, жол ақысын көліктің экологиялық санатына, ауаға шығаратын зиянды қалдықтарының көлеміне және жолға түсіретін салмағына қарай белгілеу туралы ұсыныс айтты.
Бұдан бөлек, жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық жүйелер арқылы бақылауды күшейту мәселесі көтерілді. Бұл ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін төлемнің толық жиналуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әзірге бұл бастамалардың ешқайсысы түпкілікті бекітілген жоқ.
Серік Жұманғарин жауапты мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды тапсырды. Жаңа тәртіпті әзірлеу кезінде тасымалдаушылардың мүддесі де ескерілуі тиіс.
Үкіметтің мәліметінше, нақты ұсыныстар қараша айының соңына дейін дайындалып, жұмыс тобының келесі отырысында қаралады.
Соңғы жаңалықтар