Астанада Қазақстан мен Иордания Хашимит Корольдігі арасындағы ресми келіссөздер өтті

АҚОРДАДА ИОРДАНИЯ КОРОЛІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛЫП, ЕКІ ЕЛ БАСШЫЛАРЫ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛЫ.
Бүгін Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Хашимит Корольдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалланы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада салтанатты түрде қарсы алды. Ресми рәсімнен кейін екі елдің басшылары екіжақты ынтымақтастықты нығайту және сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерін талқылау үшін келіссөздер залына өтті.
Салтанатты шара барысында Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан соң мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Шағын құрамда өткен келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Король ІІ Абдаллаға шақыруды қабыл алып келгені үшін алғыс айтып, биылғы жылдың басында Амманға жасаған өз сапарын жылы лебізбен еске алды. Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықтың сәтті дамып келе жатқанын, алайда талқылауды қажет ететін мәселелер де бар екенін атап өтті.
– Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз біз үшін зор мәртебе. Бұл Сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті көңіл бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарым-қатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес, – деді Президент.
Өз кезегінде Король ІІ Абдалла Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығын айтып, сауда-экономикалық байланыстарды арттыруға дайын екенін растады. Ол өз сапары Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достықтың жаңа парағын ашатынына сенімді екенін жеткізді. Иордания монархы Қазақстанның Президент Тоқаевтың басшылығымен қарқынды дамып келе жатқанына таңғалатынын да жасырмады.
– Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.
Соңғы жаңалықтар





