Астанадағы спорт университетінің жетістігі халықаралық БАҚ назарын аударды
Қазақстандағы спорт білімінің дамуы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды. Reuters қазақстандық спорт университетінің жетістіктері мен халықаралық деңгейдегі жобалары туралы материал жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Әңгіме 2021 жылы құрылған Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) туралы болып отыр. 5 жыл ішінде оқу орнындағы студенттер саны айтарлықтай өсіп, биыл университет алғашқы түлектерін шығарды.

2022 жылы университетте небәрі 260 студент білім алса, қазір олардың саны 5 мыңнан асты.
Университеттің негізін қалаушы, Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) даму жөніндегі директоры Нұрасыл Медеу «EU Reporter» басылымының редакторы Джеймс Дрюге сұхбат берген. Ол оқу орнының дамуы, халықаралық серіктестіктері және студенттерге арналған гранттық бағдарламалары туралы айтты.
«Шетелде білім алу ерекше тәжірибе болуы мүмкін. Бірақ мұндай мүмкіндік бәріне бірдей қолжетімді емес. Мен дарынды жастардың елден шықпай-ақ заманауи білімге, жаңа технологияларға, халықаралық сарапшылар мен кәсіби байланыстарға қол жеткізгенін қаладым», деді Нұрасыл Медеу.
Оның айтуынша, университеттің басты мақсаты Қазақстанда халықаралық талаптарға сай спорттық білім беру жүйесін қалыптастыру болған.

Оқу орны бұл бағытта Ұлыбританиядағы Лафборо университеті мен Германиядағы Кёльн спорт университетінің тәжірибесін басшылыққа алады. Аталған университеттер білім беру, ғылыми зерттеу және кәсіби тәжірибені біріктіруімен ерекшеленеді.
Бірақ KNUS бұл жүйелерді сол күйінде көшірмей, Қазақстан мен Орталық Азияның қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейді.
«Біздің мақсатымыз ешқашан басқа елдің жүйесін көшіру болған емес. Біз халықаралық стандарттарға сай жұмыс істей отырып, өңірімізге қажетті мамандарды, ғылыми әлеуетті, технологиялар мен басқару тәжірибесін дамытқымыз келеді», деді Медеу.
Университет халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға да басымдық беріп отыр.

Қазір KNUS Біріккен Ұлттар Ұйымымен, Халықаралық Олимпиада комитетімен және Біріккен күрес әлемі ұйымымен (United World Wrestling) бірлесіп жұмыс істейді.
2026 жылғы шілдеде Біріккен күрес әлемі ұйымы, Қазақ ұлттық спорт университеті және Қазақстан күрес федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ал қыркүйекте KNUS Халықаралық Олимпиада комитеті үйлестіретін Олимпиадалық зерттеулер мен ғылыми орталықтар желісіне қосылды. Осылайша, ол аталған халықаралық желіге мүше болған Орталық Азиядағы алғашқы университет атанды.
Бұдан бөлек, оқу орны БҰҰ Әйелдер құрылымының өкілдерімен бірлесіп, «Women in Sport» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бастама спорт саласындағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Университет Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) де ынтымақтастық орнатқан.
Агенттік президенті Витольд Банька университеттің «Global Clean Sport Leadership Diplomacy» атты шағын MBA бағдарламасының ашылуында сөз сөйледі.
KNUS Халықаралық киберспорт федерациясымен де ынтымақтастық туралы келісім жасасқан.
Халықаралық басылым университеттің әлеуметтік жағдайы әртүрлі жастарға білім алу мүмкіндігін ұсынып отырғанына да назар аударды.
Нұрасыл Медеудің ұстанымы бойынша, сапалы білім адамның қаржылық жағдайына тәуелді болмауы керек.

Осы мақсатта университетте «Life Chance» және «Merit» атты екі негізгі стипендиялық бағдарлама жұмыс істейді. Олар оқу орнының салық төленгеннен кейінгі пайдасы есебінен қаржыландырылады.
«Life Chance» бағдарламасы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы, ауылдық және шалғай өңірлерден келген студенттерге арналған.
Бағдарлама қатысушыларының оқу ақысы толық өтеледі. Оларға университет кампусынан тегін жатақхана беріледі.
Бұдан бөлек, студенттер ай сайын шәкіртақы алады. Бұл төлемді Нұрасыл Медеу жеке қаражаты есебінен қаржыландырады.
Ал «Merit» бағдарламасы оқуда жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге арналған. Оны тағайындау кезінде қабылдау емтихандарының нәтижесі, оқу үлгерімі және университет өміріне белсенді қатысуы ескеріледі.
«Адамның қаржылық жағдайы дарынды жастардың сапалы білім алуына кедергі болмауы керек. «Life Chance» бағдарламасының негізгі мақсаты да осы. Біз жастардың қабілеті, тәртібі мен еңбегі арқылы өз болашағын өзгертуіне мүмкіндік бергіміз келеді», деді Нұрасыл Медеу.
Қазақ ұлттық спорт университеті бастапқыда Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде құрылған. Қазір ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы спорт саласына мамандар даярлайтын жекеменшік жоғары оқу орны ретінде жұмыс істейді.

Университет Астанадағы мемлекет меншігіндегі кампуста тиісті келісім негізінде орналасқан.
Оқу орны спорттық білім беруді ғылыммен, технологиялармен және бизнес басқарумен ұштастырады. Мұндағы мақсат заманауи спорт индустриясына қажетті кәсіби мамандар даярлау.
Халықаралық жарияланымда Нұрасыл Медеудің университеттегі қызметі мен Халықаралық киберспорт федерациясындағы жұмысы да қамтылған. Оның ұзақмерзімді мақсаты ұлттық білім беру мүмкіндіктерін халықаралық стандарттармен ұштастырып, спорт индустриясының жаңа буын мамандарын даярлау екені айтылған.
Соңғы жаңалықтар