Астанаға үлкен үмітпен көшіп келген отбасы өрттен кейін далада қалып, кішкентай ұлынан айырылды
Елорданың Сарыарқа ауданында болған өрттен кейін Солтүстік Қазақстаннан көшіп келген Нұғымановтар отбасы сегіз жасар баласынан және барлық дүние-мүлкінен айырылып қалды, деп хабарлайд Tengrinews.kz.
Осыдан екі жыл бұрын Жаслан Нұғымановтың отбасы ерекше қажеттіліктері бар балаларына жақсы ем-дом мен түзету орталықтарын іздеп, Петропавл маңынан Астанаға қоныс аударған екен. Олар ауылдағы баспанасын сатып, жинаған қаражатына ешқандай несиесіз Агрогородок аумағынан өз алдына жеке үй алған. Алайда 13 мамыр күні тұтанған тілсіз жау олардың қалыпты өмірінің тас-талқанын шығарды.

Қайғылы оқиға болған күні үйде Жасланның өзі, жұбайы, ата-анасы және 2016 жылғы ұлы болған. Әкесінің айтуынша, даму ерекшелігі бар бала көліктерді қатты жақсы көргендіктен, аулада тұрған машинаның ішінде отырған.
«Ұлымыз бір жаққа барып келгеннің өзінде көліктен түскісі келмейтін, оған сонда отырған ұнайтын», — деді Жаслан.
Бір кезде жұбайы мен анасының айғайын естіп далаға жүгіріп шыққан отағасы баланы құтқармақ болып көлікті ашқанымен, жалын тым тез тарап кеткен. Ол отты сөндіруге де, баланы алып шығуға да, қарт әкесіне қарауға да үлгере алмай, бәрі қас-қағым сәтте болғанын еске алады.

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шақырту орнына жеткен құтқарушылар жеке тұрғын үй мен жеңіл көліктің толықтай жанып жатқанын анықтаған.
«Өртті сөндіру барысында 2016 жылғы баланың денесі табылды», — деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта 200 шаршы метр аумақты шарпыған өрттің нақты себептері анықталып жатыр. Ал үйі мен барлық құжаттары күлге айналған отбасы амалсыздан туыстарын паналауға мәжбүр. Сарыарқа ауданының әкімдігі пәтер жалдау үшін бір айға 300 мың теңге бөлгенімен, одан арғы жағдай белгісіз.

Түрлі мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырған Жаслан шенеуніктердің бюрократиясынан әбден шаршағанын жасырмады.
«Қайсыбіріне үлгерерімді білмеймін, жан-жақтан жалғыз қалғандаймын, тіпті қайғыруға да уақыт болмады», — деді ол.
Отбасы үшін бұл жалғыз ауыр соққы емес еді. Жасланның 24 жастағы жиені Диана Нұғыманованың айтуынша, 2024 жылдың ақпан айында оның әкесі - Жасланның үлкен ағасы қайтыс болған. Ал әкесі геморрагиялық инсульт алып, бірнеше күн комада жатқан. Ол емделіп шыққаннан кейін тура бір аптадан соң осындай алапат өрт болған.
«Мәселе ақшада емес, мәселе ең жақын адамдарымыздан айырылғанымызда. Ағам ата-анасының жалғыз ұлы болып қалды, бауырынан айырылды, енді міне ұлынан, қазір ол есеңгіреп жүр», — деді Диана.
Қазіргі таңда автосалонда жұмыс істейтін Жаслан алты адамнан тұратын отбасының жалғыз асыраушысы болып отыр. Оның мойнында жұмыссыз әйелі, аутизм диагнозы бар тағы бір баласы және сырқаты меңдеген қарт ата-анасы бар. Ешқашан мемлекеттен көмек сұрап көрмеген отағасы қазіргі қиын-қыстау кезеңде көпшіліктің қолдауына мұқтаж екенін айтып, кез келген көмекті қабыл алуға дайын екенін жеткізді. Көмек қолын созам деушілер үшін Нұғымановтар отбасының байланыс нөмірлері төменде көрсетілген.
- Жаслан: +7 775 457 6441
- Айгүл: +7 775 920 5257
Соңғы жаңалықтар