Астаналық WhatsApp-тағы хабарламалары үшін 2,5 жылға сотталды

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот 40 жастағы қала тұрғынын 2,5 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесті. Сот шешіміне екі WhatsApp топқа жіберілген аудиохабарлама себеп болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Аудиохабарламалар не туралы болды?
2023 жылдың қыркүйегінде ер адам жатақханадағы бөлмесінде отырып, сыра ішіп, WhatsApp-тағы жүргізушілер тобына жазылған хабарламаларды оқыған. Бұл топ жүк тасымалдаушылар арасында ақпарат алмасу үшін құрылған.
Сол күні жүргізушілер елордаға кіреберісте іске қосылған автоматтандырылған көлік таразысына наразылық білдіріп, түрлі ұсыныстар айтқан. Кейбірі жұмысын тоқтатуды, ал енді біреулері тарифті көтеруді ұсынды. Ал сотталған азамат жолдарды жауып тастау және қару алып шығу сияқты радикалды әрекеттерге баруға үндеген екі аудиожазба жіберген.
Қылмыстық іс қалай қозғалды?
15–20 минуттан кейін ол айтқан сөздерінің орынсыз екенін түсініп, жазбаларды өшіріп, ұйықтап қалған. Алайда топтың ішінде полиция қызметкері болған. Ол хабарламаларды тыңдап, сақтап үлгерген. Кейіннен азаматқа қатысты алдымен әкімшілік іс қозғалып, ол 15 тәулікке қамауға алынды. Кейін Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Сот шешімі
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, мас күйде және эмоцияға беріліп жібергенін айтты. Оның сөзінше, ешкімді заңсыз митингке немесе күш қолдануға шақыру ниеті болмаған. Дегенмен сот-филологиялық сараптама оның бір аудиожазбасында "қарулы әрекетке итермелейтін тілдік құрылымдар" бар екенін растады.
Сот үкімінде оның екі жетім балаға қамқорлық жасап отырғаны, жақсы мінездемелері және шын өкінгені ескерілді.
Соңғы жаңалықтар





