"Асылған адамның екі қолы байлаулы деп анық жазылған": Ринат Зайытов Арман Дүйсеновтың ұлының өлімі туралы

Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов қоғамда қызу талқыланған "Шерзат оқиғасына" қатысты өз пікірін білдірді. Qazaq Airan YouTube арнасына берген сұхбатында депутат журналистің Талғар оқиғасына ұқсас жағдайлар Үржар мен Мақаншыда да болды ма деген сұрағына жауап берді.
"Иә, бұл өте аянышты әрі қайғылы жағдай. Ешкімнің басына бермесін. Бірақ, осы оқиға арқылы саясат жасағысы келгендер болды деген пікірмен келіспей қоя алмаймын. Блогерлердің мұндай жағдайда шу көтеруінің басты мақсаты – үкіметте дүмпу туғызу. Қоғамда беделі бар, дауысы қатты шығатын тұлғаларды осы іске араластырғысы келді. Бізде "мен айтып жатырмын, сен неге үндемейсің?" деген көзқарас бар. Бірақ мен әр жағдайға пікір білдіре бергім келмейді," – деді депутат.
Ринат Зайытов пікірінде Үржар мен Мақаншыдағы қайғылы жағдайларды да атап өтті:
"Үржар мен Мақаншыда бір топ жасөспірімнің арасындағы жанжал кезінде бір бала қаза тапты. Сонымен қатар, Семейде жігіттің өлімі бойынша тергеу жұмыстары дұрыс жүрмей жатыр. Бұдан бөлек, Алматыда композитор Арман Дүйсеновтың ұлының өлімі де қоғам назарынан тыс қалды. Мен Арман Дүйсеновтың баласының тергеу материалдарымен толық таныстым деп айта алмаймын. Бірақ, алғашқы протоколда асылған адамның екі қолы байлаулы болғаны анық жазылған. Бұл неге зерттелмейді? Неге бұл мәселелер қоғамда талқыланбайды? Себебі, мұнда саясат жоқ."
Сөз соңында Ринат Зайытов өзінің жеке ұстанымына тоқталды:
"Мен – Абайдың жерлесімін. Халық көп айтса, көнеді. Бірақ мен үшін Абайдың "Жұрт айтса, болды, қылығы надан адамның" деген сөзі – өмірлік ұстаным. Егер мен өзімнің қалауымды сезінбесем, мені ешкім мәжбүрлей алмайды."
Ринат Зайытовтың бұл пікірі қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап қана қоймай, кейбір оқиғалардың саясатқа айналып кетуіне қатысты көзқарасын айқын көрсетті. Оның айтуынша, әр жағдайды саясатпен байланыстыра берудің қажеті жоқ, ал қоғам шынайы мәселелерге назар аударуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар




