Ақтауда ысталған балықтан уланған 9 жастағы бала көз жұмды

07.10.2026 • 17:07 Мөлдір ҚАЙНАР
Ақтауда ысталған балықтан уланған 9 жастағы бала көз жұмды
315
Фото: рыба51

Ақтауда үйде ысталған балықтан уланып, ауруханаға түскен отбасының 9 жастағы баласы қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы жағдай қыркүйек айының ортасында болған еді. Үйде дайындалған ысталған балықты тұтынған бір отбасының төрт мүшесінен ботулизм белгілері анықталып, олар бірдей жансақтау бөліміне түскен болатын. Науқастар бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, оларға ботулизмге қарсы сарысу егілген.

Алайда 9 жасар баланың жағдайы аса ауыр болып, беті бері қарамаған соң, жақындары елордалық дәрігерлерден жәрдем сұрап, жұртшылыққа үндеу жариялаған еді. Көп ұзамай Астанадан Ақтауға арнайы реаниматолог, инфекционист және невролог мамандар жіберілгенімен, олар баланың өмірін аман алып қала алмады.

Баланың өліміне қатысты соңғы қорытынды әзірге ресми түрде жарияланған жоқ, дегенмен туыстары өлімге үйде ысталған балықтан улану себеп болғанын айтады.

Уланғандардың қатарында баланың әкесі де бар. Жақындарының сөзінше, қазір оның жағдайы бірқалыпты, ал отбасының өзге екі ересек мүшесі емдеу курсын әрі қарай жалғастырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий