Тоқаев Қорғаныс министрлігіне неге қаржыгерді жіберді? Әшімбаевтың пікірі

07.10.2026 • 18:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Қорғаныс министрлігіне неге қаржыгерді жіберді? Әшімбаевтың пікірі
428
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Татьяна Савельеваның Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалуы ведомствода қаржы тәртібін күшейтуге бағытталған шешім болуы мүмкін. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл қызметке тәжірибелі қаржыгердің келуін орынды деп бағалады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгін, 7 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әскер Бейсеновті Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен босатып, Татьяна Савельеваны осы лауазымға тағайындады. Бұған дейін Құрылтай оның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын.

Әшімбаев бұл тағайындауды Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігінде басталған тексерістермен және кадрлық өзгерістермен байланыстырады.

«Каспийдегі трагедия әскери ведомстводағы жағдайды кешенді тексеруге алып келді. Мемлекет басшысының бағалауына, жаппай қызметтен босатулар мен тұтқындауларға қарағанда, ондағы жағдай мәз болмаған», – деп жазды саясаттанушы.

Ол Президенттің Қорғаныс министрі мен Бас штаб бастығы қызметтеріне Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерінде тәжірибе жинаған офицерлерді тағайындағанына да назар аударған. Әшімбаевтың пікірінше, мұның өзі ведомстводағы өзгерістердің сипатын көрсетеді.

Қазір Қорғаныс министрлігін Айдос Мырзахметов басқарады. 3 қазанда министрдің бірінші орынбасары мен орынбасары қызметінен босатылған еді. Ал 5 қазанда Айтқұрман Омарбеков Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы болып тағайындалды.

Саясаттанушы Савельеваның негізгі тәжірибесі бюджет пен қаржы саласында екенін атап өтті.

«Бүгін Қорғаныс министрінің орынбасары болып тәжірибелі қаржыгер Татьяна Савельева тағайындалды. Ол ұзақ уақыт бюджет мәселелеріне жауапты қаржы вице-министрі, кейін Мәжілістің бюджет комитетінің басшысы болды. Тамызда ғана жаңа Құрылтайдың депутаты атанғанымен, Қорғаныс министрлігінде тәртіп орнату қажеттілігі маңыздырақ болып шықты», – деп жазды Әшімбаев.

Савельева еңбек жолын 1992 жылы бастаған. 1999 жылдан Астана қаласының қаржы басқармасында, кейін министрліктердің бюджетке жауапты бөлімдері мен департаменттерінде жұмыс істеген. 2016–2023 жылдары қаржы вице-министрі болды. Мәжілісте Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметін атқарды.

Әшімбаевтың айтуынша, Қорғаныс министрлігінде экономика мен қаржыға жауапты азаматтық орынбасар лауазымы 1999 жылы пайда болған. Алғаш бұл қызметті Ғосман Әмрин, кейін Жаннат Ертлесова, Қозы-Көрпеш Жаңбыршин және басқа мамандар атқарған. Ішкі істер министрлігінде де бір кезеңде осындай қызмет болып, оған Болат Жәмішев тағайындалған.

Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне әйел адамның келуі де бұрын болған. 25 жыл бұрын, 2001 жылы бұл лауазымды Жаннат Ертлесова атқарған. Оның осы қызметтегі кезеңі маусымнан желтоқсанға дейін созылған.

Саясаттанушы Қорғаныс министрлігінде сатып алу, кадр және жабдықтау мәселелеріне қатысты жемқорлық даулары бірнеше рет болғанын, кей жылдары бірнеше генералдың қатар ұсталғанын жазады. Сондықтан ел басшылығы ведомствоға экономика, цифрландыру және қорғаныс өнеркәсібінде тәжірибесі бар азаматтық мамандарды бұған дейін де жіберген.

«Қазіргі жағдай қайтадан қатаң әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажет екенін көрсетті. Татьяна Савельева секілді мықты әрі ұстанымына берік қаржыгерді осы ведомствоға жіберу – мұндай жағдайда орынды шешім», – деп түйіндеді Әшімбаев.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні су ағызып әкетіп, олардың 14-і қаза тапты. Оқиғадан кейін Қорғаныс министрі ауысып, ведомствоны тексеретін комиссия құрылды. Комиссия алғашқы нәтижелерін Президентке баяндап үлгерді.

Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков пен оның бірінші орынбасары – штаб бастығы Данияр Хайрушев осы іс бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта алты күдіктінің ұсталғаны белгілі.

Войдите, чтобы оставить комментарий