Атырауда мектепте 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім сотталды
Атырауда мектепке кіріп, бұрын мүлде танымайтын 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге үкім шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға биыл 13 наурызда болған. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Судья Зарема Хамидуллина үкімді жариялап, мұндай жаза тағайындаудың себептерін түсіндірді.
Сотта белгілі болғандай, жасөспірім қылмысқа алдын ала дайындалған. Оның дәптерінен табылған жазбалар мен мектептегі бейнебақылау камераларының жазбалары негізгі дәлелдердің бірі болған. Іс материалдарында оның өз ата-анасын өлтіру туралы ойлары жазылғаны да айтылды.
Айыптау актісіне сәйкес, оқиға болған күні жасөспірім сағат 12:30 шамасында соңғы сабақтан шығып кеткен. Үйіне барып, кейін сағат 16:56-да мектепке қайта оралған.
Ол күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ғимаратқа кірген. Бұл кезде оның сөмкесі тексерілмеген.
Мектеп дәлізінде үш қыз бен бір ұл баланы көрген жасөспірім оқушылардың біріне пышақпен шабуыл жасап, 5 рет соққы жасаған.
Зардап шеккен 13 жастағы қыз Атырау облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілді. Бастапқыда дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған. Кейін жағдайы тұрақталып, жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылған.
Сотта шабуыл жасаған жасөспірім мен жәбірленушінің бұрын таныс болмағаны анықталды. Екеуінің арасында ешқандай жеке жанжал болмаған.
Істі қарау барысында айыпталушының бұрын мектеп психологына жүгініп, сыныптастары тарапынан буллинг көретінін айтқаны да белгілі болды. Алайда оның соққыға жығылғаны немесе физикалық зорлық-зомбылық көргені расталмаған.
Сонымен қатар сотта жасөспірімнің терроризмге қатысты тыйым салынған материалдарға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық сипатындағы мазмұнға қызығушылық танытқаны айтылды.
Судьяның сөзінше, айыпталушы дәптердегі кейбір жазбаларды өзі жазғанын жоққа шығарған. Ал шабуыл жасаған кездегі әрекетін есінің кенеттен тұмандануымен түсіндіруге тырысқан.
Алайда сот-психиатриялық сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін анықтаған. Сарапшылар жасөспірімнің қылмыс кезінде қатты эмоциялық күйзеліс жағдайында болмағанын, өз әрекетін түсініп, басқара алғанын мәлімдеген.
Осылайша сот жасөспірімнің шабуылға алдын ала дайындалғаны дәлелденді деген қорытындыға келді.
Оның әрекеті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 29-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни жас баланы өлтіруге оқталу ретінде сараланған.
Сот жасөспірімге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда отырған әр күні жаза мерзімінің бір жарым күні болып есептеледі. Үкімге 15 тәулік ішінде шағым түсіруге болады.
Соңғы жаңалықтар