Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелін өлтіріп тастады
Әлеуметтік жеілде Ақтөбеде 5 қарашада ер адам өзінің бұрынғы әйелін өлтіріп кеткені туралы ақпарат тарады. Олардың ортақ бір баласы бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға туралы марқұмның сіңлісі жазды.
«Кеше түнде Ақтөбеде менің әпкемді бұрынғы күйеуі өлтіріп кетті. Екеуінің ортақ баласы бар еді. Еркектер сендерге не болған? Жап-жас қызды қорлап өлтіріп тастады, өзі түрмеге кетті , кішкентай қызы жетім қалды», – делінген жазбада.
Ақтөбе полициясы қылмыстың болғанын растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Ведомство өкілдері бұған дейін полицияға аталған тұлғалардың арасында тұрмыстық жанжалдар болғаны туралы ешбір арыз-шағым мен хабарламалар түспегенін атап өтті.
Біздің дереккөздің мәліметінше, күдікті 31 жаста, марқұм әйел 26 жаста болған. Ер адам бұрынғы әйелін тұншықтырып өлтірген.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы қызды өлтіріп кеткені туралы хабарланған болатын.
Соңғы жаңалықтар