«Дауысың жарамайды» деп далаға қуған: Атырауда мемлекеттік мекеме сотта масқара болды

«Дауысың жарамайды» деп далаға қуған: Атырауда мемлекеттік мекеме сотта масқара болды
Фото:depositphotos.com

Атырау қаласында аккомпаниатор болып жұмыс істеген азамат еңбек құқығын сот арқылы қорғады. Жұмыс беруші оның музыкалық білімі мен дауыс қою деңгейін жеткіліксіз деп танып, еңбек шартын бұзған. Алайда сот жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, қызметкерді бұрынғы жұмысына қайта орналастырды. Сонымен қатар оған мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы төлеу міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz.

Атырау қалалық сотында азамат К.-ның «Д» мемлекеттік мекемесіне қарсы азаматтық ісі қаралды. Талап қоюшы еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, бұрынғы қызметіне қайта оралуды және жұмыссыз жүрген барлық кезең үшін орташа жалақысын өндіруді сұраған.

Сот материалдарына сәйкес, азамат К. мемлекеттік мекемеге аккомпаниатор лауазымына қабылданған. Алайда 2025 жылы 28 тамызда өткізілген іріктеу қорытындысы бойынша ол талаптарға сай келмейді деп танылған. Бұған дауыс қою деңгейінің жеткіліксіздігі мен музыкалық білімінің төмендігі туралы ескертулер негіз болған.

Осы шешімнен кейін жұмыс беруші Еңбек кодексінің тиісті нормаларына сүйеніп, қызметкермен жасалған еңбек шартын бұзған.

Жұмыстан шығаруға келіспеген азамат сотқа жүгінді.

Сот жұмыс берушінің әрекетін заңсыз деп таныды

Істі қарау барысында сот қызметкердің атқаратын лауазымына біліктілігі жеткіліксіз болғандықтан, сәйкес келмейтіні аттестаттау нәтижелерімен расталмағанын анықтады.

Сот жұмыс берушінің еңбек заңнамасын дұрыс қолданбағанын атап өтті. Заң бойынша қызметкерді біліктілігінің жеткіліксіздігіне байланысты жұмыстан босату үшін оның атқаратын қызметіне сәйкес келмейтіні аттестаттау қорытындысымен дәлелденуге тиіс.

Алайда бұл жағдайда заңда көзделген негіз тиісті дәлелдермен расталмаған.

Осыған байланысты сот жұмыс берушінің әрекеттерін заңсыз деп таныды.

Қызметкердің барлық талабы қанағаттандырылды

Сот шешімімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күші жойылды. Азамат К. бұрынғы аккомпаниатор қызметіне қайта орналастырылып, жұмыс берушіден мәжбүрлі бос жүрген барлық кезең үшін жалақысы өндірілді.

Атырау қалалық сотының мәліметінше, шешім заңды күшіне енді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу