Атырауда Пшонға арналған ескерткіш орнатылды
Атырауда су тасқыны кезінде жергілікті тұрғындарға көмектескен Пшон есімді итке ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ескерткіш қаладағы Ailaq Coffee кофеханасының аумағында, Күлманов көшесі бойындағы жағалауда орналасқан. Қала әкімдігі бұл ақпаратты растады.
"Бұл ескерткіш Пшонға деген алғысымыздың белгісі. Оның ерлігін ешқашан ұмытпау үшін осындай символ жасауды шештік. Скульптура металлдан жасалып, жүрек тәрізді пішіндерден тұрады," – деді шебер Азамат Кенжегалиев.
Пшон итінің есімі су тасқыны кезінде танылған. Ит тұрғындармен бірге қаптарды тасып, ауылды қорғауға көмектескен.
Бұрын ветеринария бөлімінің мәлімдеуінше, ит белгісіз жағдайда қайтыс болған. Ал полиция департаменті Пшонның өліміне байланысты тергеудің әлі жалғасып жатқанын хабарлады.
Алғашында ескерткішке орын табылмауы мүмкін деген қауіп болған. Алайда облыстық және қалалық әкімдіктер бірнеше орынды ұсынған. Соңғы шешімді скульптура иесі қабылдап, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде ескерткіш қазіргі орнына қойылды.